Алматы қаласының 660-тан астам иесіз электр желісі қала балансына берілді. Бұл коммуналдық қызмет тарифтерінің төмендеуіне әкеледі

02.11.2020

Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Рүстем Әлиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың иесіз желілерді қала балансына беру бойынша тапсырмасы қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы айтты.

Осы мақсатта биыл «Алатау жарық компаниясы» АҚ-да электр желілері мен жабдықтарының 117 нысанын тапсыру рәсімі жүргізілді. 2019 жылы «АЖК» АҚ-на электр желілері мен жабдықтарының 544 нысаны тапсырылған.  Барлығы екі жылда 661 нысан тапсырылды.

«Бұл шаралар қала тұрғындарына сапалы коммуналдық қызмет алуға, тарифтің төмендеп, жалпықалалық тарифпен теңестірілуіне мүмкіндік береді», — деп атап өтті өз кезегінде Р. Әлиев.

Сонымен қатар иесіз желілерді қала балансына беру коммуналдық қызметтерге төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, өйткені олар тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріндегі коммуналдық апаттардың басты себептерінің бірі болып табылады.

Инженерлік желілерді иесіз деп тану рәсімі ҚР Азаматтық кодексінің 242-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Атап айтқанда, аудандық әкімдіктер тұрғындардың өтініштерін жинайды, Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы және коммуналдық қызмет  жеткізушілерімен бірлесіп, қайталануды болдырмау мақсатында иесіз объектілердің тізбесі дайындалады. Бұдан ары иесіз объектілердің тізбесі Мемлекеттік активтер басқармасына жіберіледі, басқарма өз кезегінде объектілерді иесіз деп тану рәсімін бастайды.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі