Алматы әкімі Панфилов көшесінен бастап бос жатқан аумақтағы жаңа скверге дейін Алмалы ауданындағы жаңартылған аймақтарды аралап көрді

25.11.2024

Панфилов жаяу жүргіншілер көшесі жаңа кейіпке енді. Биыл қыркүйек айында Панфилов көшесінің Қабанбай батыр көшесінен Жібек Жолы көшесіне дейінгі аралығында жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыс кейбір жерлерде тротуар плиталарының жарылып, орындықтардың, суару жүйесінің және басқа да көріктендіру элементтерінің жарамсыз болуына байланысты қолға алынған. 

Алмалы ауданына жұмыс сапары кезінде мегаполис әкімі Ерболат Досаев бұл көшенің қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орны екенін атады. Сол себепті жөндеу барысында эстетикалық және практикалық тұрғыдан әрбір бөлшекке ерекше назар аударылған.

Бүгінгі таңда аудан әкімдігі 2000 шаршы метр тротуар плиталарын ауыстырып, 130 орындық орнатты, 2 балалар алаңы салынды, 2,6 км жарықтандыру кабельдері ауыстырылып, 2 құрғақ субұрқақ жөнделді. Сонымен қатар, көгалдандыруға және жасыл аймақтар құруға ерекше көңіл бөлінді. Жасыл аймақ көлемі 20%-ға ұлғайтылды.

«Бұл аумақты жапон спиреясы, шығыс гүлі және басқа да өсімдіктерден тұратын 13 мыңнан астам бұталар мен көпжылдық гүлдер көркейтеді. Біз 39 жаңа ағаш ектік, оның ішінде ұсақ жапырақты жөке, сәндік алма және алмұрт ағаштары бар. Егілген көгалды суықтан және құстардан қорғау үшін оны какао қабығымен жаптық. Бұл қабық тыңайтқыш ретінде қолданылады және жағымды иіс шығарады», - деді мердігер ұйым өкілі Маргарита Балакирева. 

Жаңартудан кейін кеңістік ерекше көрікке ие болып, қала тұрғындарына жағымды эмоция сыйлады. 

«Айырмашылық бірден байқалады. Тротуар тегіс болғандықтан, жүріп-тұру әлдеқайда ыңғайлы болды, ал көше одан сайын жайлы бола түсті. Мамандар жаяу жүргіншілер аймағы кез келген мезгілде әдемі көрінуі үшін бар күшін салған», - деді қала тұрғыны. 

Аудан тұрғыны Алина Кузнецова жаңа қондырғылар мен балалар алаңшаларының пайда болғанына ерекше қуанғанын айтты. «Біз мұнда күнде дерлік серуендейміз. Сүйікті субұрқақтарымызды жөндегені қуантады. Жалпы, бәрі керемет жасалған, көше одан сайын әдемілене түсті», - деді ол. 

Ерболат Досаев сапар барысында Розыбакиев пен Дүйсенов көшелерінің қиылысында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында салынған жаңа скверге де ат басын бұрды. 

Бұрын 0,49 гектар аумақ кәсіпкерге уақытша жалға берілген болатын. Алайда жер мақсатына сай пайдаланылмағандықтан, ол жерде стихиялық базар пайда болып, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына қолайсыздық туғызды.

Енді бұл аумақта жаяу жүргіншілер жолдары салынды, орындықтар, қоқыс жәшіктері, резеңке жабыны бар балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын алаңдары орнатылды. Сондай-ақ жарықтандыру жүйесі жүргізілді, автоматты суару жүйесі, көгал және 3585 көпжылдық бұта егілді. 

«Бұрын таңнан бастап терезе алдынан көліктердің шуылдаған дауысы естілетін. Жазда түрлі жағымсыз иістерге байланысты терезені ашу мүмкін емес еді. Әкімдік жабайы сауданы реттеп қана қоймай, бұл жерді көріктендірді. Бұл жоба біздің ауданның сәніне айналды, ал тұрғындар, әсіресе балалар, бос уақытын осында өткізіп жүр», - деді тұрғындардың бірі ағынан жарылып. 

Ерболат Досаев қала тұрғындарымен кездесуде шаһарда демалу мен спортпен айналысуға арналған қауіпсіз әрі жасыл қоғамдық орындарды құру жұмыстары жалғаса беретінін жеткізді. 

Айта кету керек, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына биыл 18,8 миллиард теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8 миллиард теңгеге көп. Алматы тұрғындары аулаларды, қоғамдық орындарды көріктендіру, спорт және ойын алаңдарын салу бойынша 364 жобаны ұсыну және жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды.