Алматы әкімі Ерболат Досаевтың халықпен алғашқы кездесуі Бостандық ауданында өтті. Іс-шараға ауданның 700-ден астам тұрғыны келді.
«Мен бірінші кездесуді Бостандық ауданында өткізуді ұйғардым, өйткені бұл біздің қаламыздың ең ірі ауданы, онда 365 мың адам немесе Алматы халқының 18%-ы тұрады», – деді қала басшысы өзінің сөзінде.
Алматы әкімінің ақпараты бойынша, Бостандық ауданы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша қаланың 19,7% жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді. Аудан бюджетке салық түсімдерінің 24% қамтамасыз етеді, инвестициялар тарту бойынша I орын алады (ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында инвестициялар көлемі 13,2%-ға өсті және 42,2 млрд теңгені құрады). Тұрғындардың негізгі бөлігі ШОБ саласында жұмыс істейді – бұл жұмыспен қамтылған халықтың 66,5%-ы. Ағымдағы жылы ауданда 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Халықпен кездесу барысында Ерболат Досаев экономикалық көрсеткіштердің айтарлықтай жоғары болуына қарамастан, ауданда тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік инфрақұрылым, қоғамдық кеңістіктер, абаттандыру, әлеуметтік қолдау және т.б. бойынша жинақталған мәселелердің шешілмеген күйінде қалып отырғанын, оларды шешу кешенді және жүйелі тәсілді талап ететінін атап өтті.
Әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі мәселесін шешу, оның ішінде мектептердегі орын тапшылығын төмендету үшін қосымша құрылыс салу тәжірибесі жалғасатын болады, жаңа мектептер салу үшін әкімдік ғимараттар мен жер учаскелерін жеке меншік иелерінен сатып алуды жоспарлап отыр.
Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында әл-Фарабиден жоғары жер учаскесін емхана құрылысына жеке меншік иелерінен сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, жыл соңына дейін «Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының» жаңа корпусының құрылысы аяқталады, онда заманауи қабылдау бөлмесі, реанимация, операциялық және нейрохирургиялық бөлімшелер мен толық медициналық жарақтандырылған клиникалық зертхана орналастырылады.
Жұмыс істейтін мүгедектерді қолдау үшін ағымдағы жылдың басынан бері әлеуметтік жұмыс орындарын субсидиялау мөлшері 63 мыңнан 92 мың теңгеге артты, бұл мақсатқа 405 млн теңге (980 орын) бөлінді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі мәселелерін шешу бойынша 72 нысанды бейімдеу жоспарланған.
Бүгінде Бостандық ауданында «Мега центр», «АДК» сауда орталықтарының жанында, бұрынғы жеміс-консерві комбинатының ауданында, сондай-ақ Сәтпаев-Байтұрсынов-Бұқаржырау-Есентай өзенінің аумағында тұрғын үй құрылысы ерекше қарқынды жүргізілуде. Осыған байланысты әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін міндетті салу жөніндегі талаптарды ескере отырып, аумақтарда құрылыс салу тәсілдері қайта қаралды.
Ағымдағы жылы жайлылықты дамыту және «халықтың бюджетке қатысуы» жобасы аясында қаланың абаттандырылуын жақсарту үшін Бостандық ауданын қаржыландыру көлемі 58%-ға 766 млн теңгеге дейін ұлғайтылды (2021 жылы 483,8 млн.теңге). Балалар және спорт алаңдарын, бульварларды, №10 мектепті, Тимирязев көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағын, жасыл аймақтарға арналған суару су құбырларын ағымдағы жөндеу жоспарлануда. 80 аула аумағына күрделі жөндеу жүргізіледі.
Тұрғындар «Южный» саябағын қала меншігіне қайтару, қала ішіндегі бау-бақша серіктестіктерінің аумақтарын қалалық аумақтар санатына ауыстыру, шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыру және т. б. мәселелерді көтерді.
Тұрғындармен кездесу 3 сағатқа созылды. Қала басшысы тұрғындардың 200-ден астам өзекті сұрақтарына жауап берді. Кездесу қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар берілді, мерзімдер мен жауапты бөлімшелер белгіленді.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген халықпен кездесулердің жаңа форматына сәйкес жыл соңына дейін Ерболат Досаев халықпен 24 кездесу – яғни, тоқсан сайын 8 ауданның тұрғындарымен бір кездесуден өткізеді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі