Алматы филиалының директоры Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы академияға түсу ережелеріне тоқталып, түсіндірді

12.04.2023

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы магистратура мен докторантураға құжаттарды қабылдауды бастады. Бұл туралы және оқу мүмкіндіктері туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Академияның Алматы қаласы филиалының директоры Әйгерім Әбілова толығырақ баяндап берді. Құжаттарды қабылдау 3 сәуірде басталып, ағымдағы жылдың 29 маусымына дейін жалғасады.

«Біз мемлекеттік қызметшілерді, квазимемлекеттік және жеке сектор қызметкерлерін конкурсқа қатысуға және Академияның бір мүшесі болуға шақырамыз. Биыл 6 магистратура, 3 докторантура және 2 модульдік бағдарлама бойынша үміткерлер қабылданады, соған сәйкес жұмыс орнында үзбей оқуға мүмкіндік болады», - деді А.Әбілова.

Спикердің айтуынша, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша талапкерлерге қойылатын міндетті талап мемлекеттік орган басшысы қол қойған жолдама болып табылады. Шетелдік азаматтарды қоспағанда, тағы бір талап – мемлекеттік тілді меңгерудің қажетті деңгейін растау.  

Академияда қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған онлайн сервис әзірленді және QRT тестін тапсырғысы келетіндер үшін арнайы курстар қарастырылған.

«Академияның қазақ тіліндегі білімін бағалаудың өзіндік QAZAQ RESMI TEST жүйесі бар, оның нәтижелері Қазтестпен бірге Академияға құжат тапсыру кезінде қабылданады. Тілді меңгеру деңгейін бағалаудың дәстүрлі әдістерінен айырмашылығы, тестілеуді онлайн режимінде, компьютерден, кез келген уақытта, ыңғайлы жағдайда тапсыруға болады», - деп түсіндірді спикер.

Негізгі өзгерістерге келетін болсақ, мемлекеттік қызметші – Академия түлегін оқуға жіберген мемлекеттік органда жұмыс істеу міндетінен алынып тасталады. Енді мемлекеттік қызметшілерге бес жыл емес, мемлекеттік қызметте үш жыл ғана жұмыс істеу керек.

Сонымен қатар спикер Академия ережелеріндегі басқа да өзгерістермен бөлісті:

  • Сыртқы саясатты жүзеге асыру, халықаралық ынтымақтастық және шет тілдерін меңгеру үшін кадрларды даярлауды күшейту мақсатында «Халықаралық қатынастар» бағдарламасы бойынша оқу мерзімі 1 жылдан 2 жылға дейін ұзартылды.
  • PhD бағдарламалары бойынша жұмыс өтілі 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайтылды.
  • Егер өткен жылы мемлекеттік орган басшысының қолы қойылған жолдама алдынала оқуға түсу кезінде берілуі мүмкін болса, биылғы жылы талапкерлер құжаттарды қабылдау аяқталғанға дейін жолдаманы тапсыруы тиіс, яғни ағымдағы жылдың 29 маусымын қоса алғанда.
  • Биылғы модульдік магистратура бағдарламасы тек мемлекеттік қызметші еместерге арналған.

Сондай-ақ спикер 1-30 қараша аралығында модульдік магистратураға құжаттарды қосымша қабылдау жүргізілетінін ашық айтты. Құжаттар екі кезеңде қабылданады және академияның ақпараттық платформасында онлайн режимінде жүзеге асырылатынын брифингте толыққанды жеткізді.

 



Дереккөз: Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі