«Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ (АҚДО) Инклюзия бойынша Жағдайлық орталық блогы қалалық деңгейде инклюзия және тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетудегі көшбасшылық пен инновацияларды атап өтетін «Inclusive SDG Leadership Award» номинациясы бойынша беделді «SDG City Awards 2025» халықаралық сыйлығының жеңімпазы атанды. Бұл туралы «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Марапат инклюзивті қалалық ортаны қалыптастыруға, мүмкіндіктер мен қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ әлеуметтік саясатты дамыту және қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру мақсатында цифрлық шешімдер мен талдамалық құралдарды қолдануға бағытталған жобаларды іске асыру үшін берілді.
«SDG City Awards» сыйлығы «Urban SDG Knowledge Platform» платформасы аясында ұйымдастырылып, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (Sustainable Development Goals, SDGs) іске асыруда елеулі нәтиже көрсеткен қалалар мен ұйымдарды ынталандыруды көздейді.
Инклюзия бойынша Жағдайлық орталық блогының жобасы «Urban SDG Knowledge Platform» платформасында ұсынылып, инклюзия қағидаттарын тәжірибеде енгізгені, инновациялық тәсілі және қаланың әлеуметтік тұрақтылығын арттыруға қосқан үлесі үшін халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды.