Алматы қаласының даму орталығында медициналық және сарапшылық қоғамдастық өкілдерімен кездесу өтті

11.02.2026

Алматы қаласының Даму орталығында медицина саласындағы қоғамдық сектор өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті. Жиынға саланың жетекші тәжірибелі мамандары мен сарапшылары қатысты.

Талқылауға онколог Илья Фоминцев, жобаның әдіснамасын әзірлеген Израильдің IHEA ұйымының өкілі, нейрохирург, Алматы қаласы №1 қалалық ауруханасы директорының міндетін атқарушы орынбасары Жәнібек Әлімбаев, Алматы қаласындағы Совмин ауруханасы бас дәрігерінің әкімшілік-шаруашылық мәселелер жөніндегі орынбасары Юрий Алаев, Клиниканың бас дәрігері, жоғары санатты акушер-гинеколог-хирург Данияр Жақыпов, Алматы клиникалар қауымдастығының атқарушы директоры Расул Дүсенов, сондай-ақ «Имена» (Беларусь) және GoTreatCancer (Грузия) қорларының негізін қалаушы әрі бас директоры Екатерина Синюк қатысты.

Кездесу барысында қалалық медициналық инфрақұрылымды дамыту, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту және заманауи шешімдерді енгізу мәселелері қарастырылды. Сарапшылар қазіргі таңда кәсіби қауымдастықтың біліктілікті арттыру бағдарламаларын көбіне өз бастамасымен жүзеге асырып отырғанын атап өтті: дәрігерлерге арналған оқыту курстарын ұйымдастыру, мамандарды шетелге тағылымдамаға және тәжірибе алмасуға жіберу, халықаралық тәжірибені қалалық медицина жүйесіне енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Кездесуде балалар онкологиясын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар Қазақстанда балалар онкологиялық қызметінің жүйелі түрде қалыптасқан моделі әлі де толыққанды жолға қойылмағанын атап өтті: бұл бағыттың қалыптасу тарихы жүйеленбеген, бірыңғай стандарттар, хаттамалар мен пациенттерді бағыттау қағидалары жеткілікті деңгейде айқындалмаған. Осыған байланысты ерте диагностикалаудан бастап мамандандырылған инфрақұрылымды дамытуға, бейінді кадрлар даярлауға және пациенттерді ұзақ мерзімді сүйемелдеуге дейінгі барлық кезеңді қамтитын тұтас тұжырымдама қалыптастырудың маңыздылығы айтылды.

Сонымен қатар онкология саласындағы азаматтарға арналған ақпараттық қолдаудың жеткіліксіздігі де көтерілді. Бүгінде пациенттер мен олардың отбасылары үшін түсінікті әрі қолжетімді навигация жүйесі толық қалыптаспаған: емдеу кезеңдері, бағыттау тәртібі, оңалту мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз, сондай-ақ науқастардың туыстарына көрсетілетін қолдау тетіктері жүйеленбеген.

Талқылау барысында медициналық ортаның инклюзивтілігі мәселелері де қозғалды. Сарапшылар денсаулық сақтау жүйесі ең алдымен адамға бағытталуы тиіс екенін, ал оның тиімділігінің негізгі көрсеткіші — тек емдеу сапасы ғана емес, сонымен бірге қызмет көрсету деңгейі, коммуникация және пациентті сүйемелдеу сапасы екендігін атап өтті.

Кездесу сындарлы әрі кәсіби форматта өтті. Тараптар заманауи, қолжетімді және пациентке бағдарланған қалалық денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытында алдағы уақытта да өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.