Алматы қаласының даму орталығы Абай атындағы университетте екідипломды білім беру бағдарламасына арналған кездесуге қатысты

04.02.2026

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қабырғасында Алматы қаласының даму орталығы өкілдерінің, Сорбонна–Қазақстан институты мен Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Лотарингия университеті филиалының директоры Әлия Сабитованың, Escoffier Kazakhstan институтының бас директоры Бертран Герьенің, сондай-ақ Франция Елшілігі жанындағы екідипломды бағдарламалардың үйлестірушісі Аньес Буссенің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу іскерлік әрі конструктивті форматта өтіп, мейрамхана және аспаздық бизнес саласында екідипломды білім беру бағдарламасын енгізу мәселелеріне арналды.

Бастаманың негізгі мақсаты — еуропалық стандарттарға сай академиялық білім мен практикалық даярлықты ұштастыратын, білікті кадрларды даярлауға бағытталған тұрақты халықаралық білім беру бағдарламасын қалыптастыру, сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастырудың айқын әрі түсінікті траекториясын айқындау.

Кездесу барысында тараптар келесі жұмыс кезеңіне көшу туралы келісімге келді. Атап айтқанда, үш презентациялық материал әзірлеу жоспарлануда. Алғашқы екі презентация бағдарламаны кезең-кезеңімен іске асыруға арналады: біріншісі — Абай университетінде білім алып жатқан 1–2 курс студенттеріне, екіншісі — алдағы оқу жылында түсетін талапкерлерге арналған, стипендиялар мен гранттар тетіктерін ескере отырып дайындалады. Бұл презентацияларда бағдарламаны іске қосу логикасы, оқыту кезеңдері (теория және практика), әрбір серіктестің рөлі, күтілетін нәтижелер және еңбек нарығына шығу мүмкіндіктері қамтылады.

Жеке блок ретінде серіктес — Франциядағы аспаздық мектеп тарапынан үшінші презентация әзірленеді. Онда бағдарламаның бизнес-сметасы, бір студентті оқытудың құны, сұралатын стипендиялар көлемі және Алматы қаласының әкімдігіне жүгінуге арналған қаржылық-экономикалық негіздеме ұсынылады.

Сонымен қатар келісімдер аясында Технологиялық университет колледжінің аумағында орналасқан оқу-практикалық базаны аралау жоспарланған. Бұл сапардың мақсаты — практикалық сабақтарды өткізуге арналған жағдайларды бағалау, олардың білім беру стандарттарына сәйкестігін анықтау және практикалық оқыту логистикасын пысықтау.

Кездесуде сондай-ақ онлайн және офлайн форматты біріктіретін қайталама бірлескен кездесу ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Аталған кездесуде бағдарламаны іске асырудың кезеңдік презентациялары, қаржылық-экономикалық негіздеме ұсынылып, Абай университеті, француздық білім беру ұйымдары және Алматы қаласының әкімдігі қатысатын әріптестік тетігі жан-жақты түсіндірілетін болады.

Алдағы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі — Алматы қаласының әкімдігі, Абай атындағы ҚазҰПУ, Сержи университеті және Франциядағы аспаздық мектеп арасында төртжақты Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға дайындық болып табылады. Меморандумға қол қою халықаралық серіктестердің қатысуымен офлайн форматта өткізу жоспарлануда, алдын ала мерзімдер, формат және жауапты тараптар келісілетін болады.

Кездесу қатысушылары халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосу мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарына сай келетінін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронмен өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша брифинг барысында:

«Біз мәдениет, білім және ғылым салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше көңіл бөлеміз… Бұл мектептер мен білім беру орталықтары жастарға ең жоғары стандарттар бойынша білім алуға мүмкіндік береді», — деп атап өткен болатын. Париж, 5 қараша 2024 жыл (Дереккөз: akorda.kz)

Талқылау барысында бағдарламаның түлектерін жұмысқа қабылдайтын әлеуетті жұмыс берушілерді қазірдің өзінде айқындау және оларды стратегиялық серіктестер әрі кадрларға тапсырыс берушілер ретінде қарастыру қажеттігі де атап өтілді. Алдағы кезеңдерде бағдарламаны таныстыруға және оны іске асыруға бизнес өкілдерін тарту жоспарланып отыр.

Алматы қаласының даму орталығының өкілдері мұндай кездесулерге қатысу білім беру ұйымдары, халықаралық серіктестер, бизнес-қауымдастық пен мемлекеттік органдар арасында жүйелі диалог орнатуға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау бойынша практикалық бағытталған шешімдер қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұған дейін Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тлеппен, Алматы қаласының даму орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Саттаровпен және француз тарапының қатысуымен өткен кездесуде ынтымақтастыққа ниет білдірілген болатын.

Кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар мен бастамалар жобаны іске асырудың келесі кезеңдерінде жан-жақты пысықталатын болады.