Алматы қаласын дамыту орталығында Ұлттық баскетбол федерациясының президентімен кездесу өтті

13.02.2026

Бүгін «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ қабырғасында Абай Алпамысовпен - Қазақстан Республикасының Ұлттық баскетбол федерациясы президентімен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында Алматы қаласында әртүрлі ауқымдағы спорттық іс-шараларды өткізу мүмкіндіктері талқыланды. Атап айтқанда, қалалық турнирлер мен бұқаралық спорт фестивальдерін ұйымдастыру, балалар мен жасөспірімдер арасында баскетболды кеңінен насихаттау, сондай-ақ әлеуметтік және білім беру бағытындағы бастамаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.

Биыл Қазақстанда баскетбол спортының дамуына 100 жыл толып отыр. Осы мерейтой аясында Алматыда кәсіби спорт қауымдастығы, ардагер спортшылар, жаттықтырушылар мен жас спортшылардың қатысуымен бірқатар іс-шаралар өткізу мүмкіндігі қарастырылуда.

Федерация президенті баскетболдың бүгінде еліміздегі ең танымал әрі қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі екенін, әсіресе Алматы қаласында бұл бағыттың дәстүрлі түрде жоғары деңгейде дамығанын атап өтті. Қалада спорт мектептері белсенді жұмыс істейді, жастар лигалары қалыптасқан және тұрғындар тарапынан қызығушылық жоғары.

Сонымен қатар, Орталық өкілдері биыл Алмалы, Жетісу және Медеу аудандарының 90 жылдығын атап өту жоспарланып отырғанын жеткізді. Осыған орай, баскетболды негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындай отырып, аудандық командалар, жастар лигалары, әуесқой ұжымдар мен қала тұрғындарын біріктіретін ауқымды спорт мерекесін ұйымдастыру мүмкіндігі талқыланды.

Кездесу барысында инклюзивті спортты дамыту мәселесі де көтерілді. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қатысуымен баскетбол форматындағы іс-шараларды өткізу мүмкіндігі қарастырылып, спорт арқылы тең мүмкіндіктер қағидатын нығайту мен әлеуметтік ықпалдастықты арттырудың маңыздылығы атап өтілді.

Абай Абдисаметұлы туған қаласын қолдауға дайын екенін білдіріп, спорт инфрақұрылымын дамытуға, бұқаралық және инклюзивті спортты ілгерілетуге бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мерейтойлық жыл аясындағы іс-шаралар тұжырымдамасын бірлесіп пысықтап, қаланың спорттық күн тәртібін дамыту бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.