Алматы қаласын дамыту орталығы ТМД волонтерлерінің Бірінші форумына қатысты
20–21 тамызда Астанада «Волонтерлік арқылы бірлік: әріптестік, сенім, даму» тақырыбында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы волонтерлерінің Бірінші форумы өтті. Форум Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Беларусь және Ресейден келген сарапшыларды, мемлекеттік органдар мен экологиялық ұйымдардың өкілдерін біріктірді.
Форумның негізгі алаңдарының бірі «Эковолонтерлік және тұрақты даму» атты халықаралық панельдік сессия болды. Оның модераторы – «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ «Жасыл Алматы» бөлімінің бас менеджері Пакизат Сайлаубекова.
Сессия барысында Қазақстанның экологиялық волонтерлікті дамыту тәжірибесі таныстырылды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен World Cleanup Day халықаралық қозғалысын іске асыруға ерекше назар аударылды. Экологиялық бастамалар аясында волонтерлер мен ел тұрғындары 813 мың тоннадан астам қалдық жинап, 1,2 миллионнан астам ағаш отырғызды.
Сондай-ақ цифрлық технологиялар мен қайталама шикізатты жинау инфрақұрылымынан бастап, бизнеспен өзара іс-қимыл және тұрғындарды экологиялық бастамаларға тартуға дейінгі эковолонтерліктің заманауи құралдарын дамыту мәселелері талқыланды.
Пікірталасқа ТМД-ның бес елінен тоғыз сарапшы қатысты. Олар бірнеше бағыт бойынша практикалық шешімдер ұсынды:
- спутниктік мониторингті қолдану және волонтерлерді экологиялық деректерді жинауға тарту;
- қазақстандық ReBin фандоматтарын өндіруді және қалалық шеринг-жобаларды қоса алғанда, циклдік экономиканы дамыту;
- су ресурстары мен мұздықтарды қорғаудың халықаралық тәжірибелері, сондай-ақ жастарды климаттық күн тәртібіне тарту;
- экологиялық ағарту үшін цифрлық боттарды, интерактивті карталар мен білім беру жобаларын пайдалану.
Сессия қорытындысы бойынша қатысушылар Форумның қорытынды қарарына енгізу үшін бірқатар ұсыныс әзірледі. Олардың қатарында ТМД экологиялық волонтерлерінің бірыңғай желісін құру, жыл сайынғы ТМД эковолонтерлік апталығын өткізу, сондай-ақ экологиялық жобаларды қолдауға арналған бірлескен микрогранттық бағдарламаларды іске қосу бар.
Форумға қатысу халықаралық тәжірибе алмасуға, жаңа кәсіби байланыстар орнатуға және Алматы жағдайына бейімдеуге болатын тәжірибелерді зерделеуге мүмкіндік берді.
Алынған тәжірибе мен ұсыныстарды «Жасыл Алматы» бөлімі қалалық экологиялық бастамаларды іске асыру, қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін дамыту және тұрғындарды қаланың экологиялық ортасын жақсартуға бағытталған жобаларға тарту барысында ескеруді жоспарлап отыр.

