04.03.2022

Кездесуге 40-тан астам көпбалалы аналар, азаматтық белсенділер, халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) басшылары шақырылды.

Алматы әкімі Ерболат Досаев көпбалалы аналармен кездесті. Кездесуге 40-тан астам көпбалалы аналар, азаматтық белсенділер, халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) басшылары шақырылды.

Талқылау барысында мектепке дейінгі сапалы және орта білім алуға, медициналық қызметтерге, жеңілдетілген ипотекалық несиелендіруге қолжеткізу, көпбалалы отбасылармен және ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін ҮЕҰ арасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастырудың тиімділігі мәселелері және басқалары талқыланды.

Кездесуге қатысушылар көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, оны әлеуметтік мәртебесіне қарамастан осы жылғы практикада бірыңғай жәрдемақыға ауыстыру мәселесіне  жеке тоқталды. Қала әкімі көпбалалы аналардың ұсыныстарын қарауға және одан әрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен талқылауға уәде берді.

Диалог барысында өткір тақырыптардың бірі балаларды әлеуметтік мәртебесіне қарамастан ыстық тамақпен қамтамасыз ету және рационның өзінің сапасын арттыру болды. Осы ұсынысқа жауап ретінде Ерболат Досаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Балалар жылы аясында әкімдік қажетті жұмыс жүргізгенін, ресурстар тапқанын және 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Алматы мемлекеттік мектептерінің барлық бастауыш сынып оқушылары (1-4 сыныптар) әлеуметтік мәртебесіне қарамастан тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетінін хабарлады.

«Балалардың сапалы тамақтануын ұйымдастыру үшін Білім басқармасы теңгерімді және әртүрлі рационды құру мәселесін пысықтады. Қаржыландыру мәселесі жергілікті бюджетті нақтылау шеңберінде 4 наурызда мәслихатта қаралады», – деді Ерболат Досаев.

Оқушылар орындарының жетіспеушілігі және балабақшаларға кезектер тақырыбы ерекше пікірталас тудырды. Бүгінде қалада мектептерде 19 611 орын және балабақшаларда 41 080 орын жетіспейді. Бала туудың жоғары болуына және халықтың мегаполиске белсенді көшуіне байланысты жыл сайынғы өсім тиісінше 15 мың және 8 мың баланы құрайды.

«Алматыда мектептер мен балабақшаларды салуға бос жерлер мүлдем жетіспейді, ал құрылыс қарқыны тек жыл сайынғы өсімді жабуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті қала басшысы.

Алматы әкімі биыл мектептерде 15 461 орынға және балабақшаларда 39 520 орынға дейін тапшылықты төмендету күтілетінін атап өтті. Таяу уақытта әкімдік жинақталған мәселелерді шешуді жеделдету үшін қосымша шаралар әзірлеп, ұсынатын болады.

Талқылаудың жеке блогы ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге, мүгедектікті ерте анықтау проблемаларына және соның салдарынан балаларды одан әрі әлеуметтендірудің мүмкін еместігі мен тиімсіздігіне арналды.

«Балабақшалар мен мектептерде балаларды оңалту, емдеу, инклюзивті қолдау – бұл әкімдіктің әлеуметтік блок басқармалары жұмысының негізгі міндеттері. Балаларды инклюзивті дамытудың ағымдағы бағдарламасы қайта қаралатын болады, сондықтан мен осы жұмысқа қаланың мүдделі қоғамдық қорлары мен ҮЕҰ белсенді қатысуға шақырамын», – деп атап өтті мегаполис басшысы.

Кездесу ашық диалог форматында өтті және 2,5 сағаттан астам уақытқа созылды – барлық қатысушылардың ұсыныстары мен ескертулері тыңдалды. Алматы әкімі нақты диалогқа дайын екенін растады.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.