Ағымдағы жылдың 30 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алматы қаласының айрықша мәртебесі туралы» ҚР Заңына, оның ішінде Қала құрылысы кеңесін құру туралы ережені қамтитын түзетулерге қол қойды. Оның міндеті – қала құрылысы саясатын іске асыру кезінде шешімдер қабылдаудың тиімділігін арттыру және қаланың орнықты және теңгерімді дамуын қамтамасыз ету. Өзгерістер алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң, яғни 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
1 тамызда Алматы әкімі Е. Досаевқа қала құрылысы кеңесін құру жөніндегі құжаттардың жобасы ұсынылды және қаулыны, ережені әзірлеу және оның құрамын бекіту жөніндегі рәсімдер басталды. Бүгін, 19 тамызда тиісті қаулыға қала әкімі қол қойды.
Құжат арқылы Алматы қаласы әкімдігі бекітетін 23 адамнан аспайтын кеңестің құрамы, сондай-ақ функциялары, өкілеттіктері, құрылымы мен жұмыс тәртібі бекітілді. Қала құрылысы кеңесінің мүшелері – сәулет, қала құрылысы, урбанистика, көлік, инклюзия, экология, креативті экономика, әлеуметтану, экономика және т.б. салалардағы сарапшылар. Сонымен қатар, кеңес отырыстарына қаралатын мәселелердің ерекшелігіне байланысты шақырылған өзге сарапшылар да қатыса алады.
Алматының Қала құрылысы кеңесі іске асыруға ұсынылатын қала құрылысы және сәулет жобалары бойынша шешімдерді ашық талқылау және қабылдау үшін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Қала құрылысы кеңесінің негізгі функциялары:
- қала аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында шешімдер қабылдау кезінде мемлекеттік саясатты іске асыруда жергілікті атқарушы органдарға жәрдемдесу;
- тұрғын үй, қоғамдық, коммуналдық-өндірістік және өнеркәсіптік кешендердің эскиздік және жұмыс жобалары, қоғамдық аумақтарды, саябақтарды, скверлерді, бақтарды, бульварларды, арнайы аймақтарды қайта құру жобалары, әртүрлі мақсаттағы жеке ғимараттар, инженерлік және көліктік инфрақұрылым желілері мен құрылыстары, өнер объектілері, тарих, сәулет мәдениеті ескерткіштері бойынша ұсынымдарды қарау және әзірлеу;
- Әл-Фараби даңғылынан жоғары қала құрылысы және жалпы құрылыс жобаларын қарау;
- мәдени мақсаттағы объектілерді салу, реконструкциялау және жөндеу жөніндегі жобаларды қарау;
-тұрғын үй қорын реновациялау бойынша жобаларды қарау.
Алматы қаласының қала құрылысы кеңесін құру және оның ережесін бекіту туралы қаулыға сілтеме.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі