Алматы әкімдігі ШОБ үшін жалдау ақысын есептеуді жыл соңына дейін тоқтатты

03.11.2020

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Рүстем Әлиев шағын және орта бизнесті қолдау шаралары туралы айтып берді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Алматы қаласының әкімдігі үстіміздегі жылдың 20 наурызы мен 19 маусымы аралығында шағын және орта бизнес өкілдерімен коммуналдық меншік нысандарындағы ғимараттарды жалға алудың 612 шарты бойынша жалдау төлемдерін есептеуді тоқтатты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік объектілері бойынша шағын орта бизнес үшін жалдау ақысын есептеуді 1 қыркүйектен бастап 2020 жылдың соңына дейін тоқтата тұру тапсырылды. Осыған байланысты, 1 қыркүйектен бастап 2020 жылдың соңына дейін Алматы қаласы әкімдігінің ШОБ жалға алушыларымен 499 жалдау шарты бойынша есептеу тоқтатылды. Үстіміздегі жылғы 18 қыркүйектегі жағдай бойынша жалдау төлемдерін тоқтата тұруға 420 өтінім берілді, оның ішінде 420-сы өңделді.

2020 жылғы 9 қазанда шағын және орта бизнес субъектілері үшін 2020 жылғы 20 маусым мен 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде жалдау төлемдерін есептемеу бөлігінде мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға беру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Осы жұмыс басталды және үстіміздегі жылғы 30 қазандағы жағдай бойынша жалдау төлемдерін тоқтата тұруға 140 өтінім берілді, оның ішінде 124-і өңделді.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде, басқарма мемлекеттік мүлікті жалға беру бойынша барлық сұрақтарға жауап бере алатын @CSA_Almaty_bot  Telegram-бот виртуалды консультантын іске қосты.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі