Алматы әкімінің Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуінде қандай мәселелер талқыланды

11.05.2023

Алматының Наурызбай ауданында 2025 жылға дейін 335 шақырым су және 150 километрге жуық кәріз желісі салынады. Бұл туралы жергілікті тұрғындармен кездескен қала әкімі Ерболат Досаев айтты.

Оған қоса, ауданда биыл электр желілерін модернизациялау мақсатында 56 трансформатор жаңарады. Сондай-ақ 200 көшені қамтитын 55 мың шаршы метр жолды жөндеу жоспарланып отыр.

– Қалалық мобилділік басқармасы мамыр айында Ақжар және Шұғыла шағынауданындағы 25 көшеде 6 км жол, Ақжар, Қалқ аман, Таусамалы, Абай саяжайлары мен Шұғыла шағынауданындағы 10 көшеде 3 км тротуар салу жұмыстарын, сондай-ақ 16 көшедегі 14 км жолды орташа жөндеу жұмыстарын бастаоды, 2023 жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев

Биыл Наурызбай ауданына қатынайтын 6 маршруттың жылжымалы құрамы жаңартылмақ. Енді автобус саны артып, 108-ге жетеді. Ауданда халық саны күрт өскендіктен, мектептерде орын тапшылығы байқалады. Сондықтан 6 жаңа мектеп, оның бесеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынбақ. Құрылысы осы жылдың қыркүйек айында басталып, 2024 жылы аяқталады деп күтілуде. Ал медицина саласына келсек, Наурызбай ауданында 500 келушіге арналған 2 жаңа емхана және 1 дәрігерлік амбулатория салынады.  

– Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының тиімділігін және қала тұрғындарының оң пікірін ескере отырып, бағдарламаны қаржыландыру көлемін ұлғайту туралы шешім қабылдадым. Наурызбай ауданына қосымша 875 млн теңге бөлінді. Ауданда 2,7 млрд теңгеден астам сомаға 67 жобаны, оның ішінде қоғамдық кеңістікті абаттандыру, жол инфрақұрылымы және сыртқы жарықтандыру желілерін салу жобасын іске асыру жоспарланып отыр, – деді қала әкімі.

 

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv