Азия даму банкінің (АДБ) президенті Масацугу Асакавамен кездесуде Алматы әкімі Ерболат Досаев жасыл экономика жобаларын іске асырудағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, Банктің қалалық ортаны жақсартуға қосқан баға жетпес үлесін атап өтті.
Белгілісі, қазіргі кезде Алматы әкімдігі экологияны жақсарту бойынша жан-жақты шаралар қабылдауда. Бекітілген «2025 жылға дейінгі даму және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар бағдарламасы» аясында қоғамдық көлікті экологияландыру және өнеркәсіптік кәсіпорындардан шығарындыларды азайту жөніндегі жобалар іске асырылуда. АДБ қатысуымен ағымдағы жылдың 31 мамырында ЖЭО-2 жаңғырту туралы келісім жасалды. ЖЭО-2-ні табиғи газға ауыстыру нәтижесінде зиянды шығарындылар жылына 37,3 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін немесе 90%-ға қысқарады деп күтілуде. Жобаның Алматыда ауа сапасын жақсартуға және тазартуға қосатын үлесі зор болады. Жылына тағы 2 мың тоннаға қоғамдық көлікті жаңғырту есебінен зиянды шығарындылардың азаюы болжануда. Алматы әкімдігі 200 жаңа троллейбус сатып алуды және қолданыстағы 1,2 мың дизельді автобусты газ және электр тартымына ауыстыруды жоспарлап отыр. Арнайы газбен жүретін автобустарға қызмет көрсету үшін 2 автобус паркі мен 5 газ құю станциясы салынады.
Өткен жылы АДБ-мен бірлесіп Алматыда қоршаған ортаны ластайтын ауаның сапасын өлшеуге арналған 50 аспап (PM 2.5, PM10, NO2 қатты бөлшектер) орнатылды, олар Қазгидрометтің ақпараттық жүйесімен интеграцияланған және атмосфералық ауаның толық жағдайын онлайн режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың сәуір айында Банк тұрмыстық жылыту жүйелерін көмірден таза отынға ауыстыру, қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңғырту, «Алматы таза қала» және тағы басқа іс-қимыл жоспарын ұсынды. Қазіргі уақытта жоспарды «Green Almaty» жобалық офисі әрі қарай ұсыныстарды іске асыру жөніндегі шараларды әзірлеуде және зерттеуде.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жасыл экономиканы ілгерілету жөніндегі бастамаларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті және екіжақты ынтымақтастықты кеңейту туралы уағдаласты. Алматы әкімдігі мен Азия Даму Банкі арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары LRT желісін салу, электр автобустарын сатып алу және зарядтау станцияларын құру, тұрғын үй қоры мен қоғамдық ғимараттардың энергоаудитін жүргізу аясында өрбитін болады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының әкімдігінің баспа-сөзі