Бүгін Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының қалай тұрақтандырылғанын айтты. Қазір алматылықтар 18 түрлі өнімді қолжетімді бағамен сатып ала алады. Ал мұның бәрі бағаны реттеу мүмкіндігі мен Алматының тұрақтандыру қорының арқасында. Спикер 30 маусымға дейін көтерілмеуі тиіс жұмыртқаның бағасы туралы айтты.
Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, Алматы қаласының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру қорының қаражаты 8-ден 10 млрд теңгеге дейін, орналастырылған «айналым» қарыздары 7-ден 8,5 млрд теңгеге дейін артты.
«Өнімнің жалпы көлемі 73,4 мың тоннаны құрайтын әлеуметтік-маңызы бар азық-түлік тауарларының 18 атауы қамтылды. «Магнум» және «Тоймарт» сауда желілері, «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты ЖШС мен «Union Products» ЖШС, «MPS» ЖШС, сияқты Алматы қаласының тауар өндірушілері, Алматы облысынан «Асыл Meat» ЖШС тартылды», - деді Е.Оразалин.
2020 жылғы қарашадан бастап, 14 мың тоннадан астам көкөніс (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) қорын құру жұмысы іске асырылды. Бұл азық-түліктерді бүгінде «Магнум» сауда желісінен белгіленген әлеуметтік баға бойынша алуға болады. «Қордағы көкөністі нарықтағы орташа бағадан төмен бағамен сатудың арқасында, жалпы қала бойынша аталған көкөніс түрлерінің бағасын тұрақтандыру мүмкін болды», - деп толықтырды Еркебұлан Оразалин.
Оң нәтижелер аясында, «Магнум» және басқа да сауда желілерін 22 мың тонна көкөніспен қамтамасыз ету үшін, 2021-2022 жылғы маусымаралық кезеңге (2021 жылғы қыркүйектен 2022 жылғы сәуірді қоса алғанда) көкөністі «форвардтық» сатып алу туралы 2,5 млрд теңгеге келісім жасалды.
Қаланың 7 негізгі азық-түлік базаррында: Көк базар, Жаңа Ақбұлақ (көтерме базар), Сары-Арқа, Тастақ, Таусамалы, Алматы-1, Түрксіб жәрмеңкесінде «Әлеуметтік дүкендер» ашылды, онда Алтын Орда базарының көтерме бағалары бойынша әлеуметтік-маңызы бар азық-түлік тауарларының 10 аталымы сатылады. Бұл базарлардан картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, қарақұмық, күнбағыс майы, күріш, рожки, ұнды арзан бағаға сатып алуға болады.
Еркебұлан Оразалин бұл сату нүктелерінің тұрақты түрде жұмыс істейтінін атап өтті. Сонымен бірге Түркістан облысынан қырыққабаттың жаңа өнімінің жеткізілуін ұйымдастыру мәселесі пысықталуда.
«Қазір біз Тұрақтандыру қорына 500 тонна күріш пен 300 тонна қарақұмық жармасын сатып алу рәсімін жүргізіп жатырмыз. Оған қоса сатып алынатын өнімнің атауы мен көлемін арттыру мәселесі пысықталуда», - деп хабарлады басқарма басшысы.
Спикер жұмыртқа бағасына қатысты өзекті тақырыпқа да тоқталып өтті. Оның айтуынша, биыл 30 маусымға дейін бірінші санатты жұмыртқаға шекті баға (он данасы 487 теңге) белгіленді.
Еркебұлан Оразалин бағаның көтерілуіне себеп жоқтығын мәлімдеді. Әкімдіктің Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы әлеуметтік маңызды тауарлардың барлық түрі бойынша баға тұрақтылығын қатаң бақылауды қамтамасыз етеді.
Сонымен, биылғы наурыз айында (9 наурызға дейін) аздаған өсім байқалды, алайда жүргізілген жұмыстардың арқасында баға 100% тұрақтандырылды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі