Алғабас, Нұршашқан, Таусамалы, Әлмерек: Алматының бірқатар ықшамауданында интернет сапасы жақсарады

13.04.2021

Алматы қаласының төрт ықшамауданында интернет жылдамдығы 90 Мбит/сек жетеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев айтты.

Еске салсақ, ақпан айында Алматыда Digital Almaty цифрлық форумы өтті, онда Қазақстанның Премьер-министрі Асқар Мамин бес жыл ішінде барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар 5G желісімен қамтылатынын айтқан еді.

Айта кетcек, Алматыда интернет сапасын жақсарту жобасының арқасында былтыр интернет пен байланыс болмаған 218 «көрінбейтін» аймақ қамтылды.

Баян Қоңырбаевтың айтуынша, «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп Алматы қаласының 4 ықшамауданында жылдамдығы 90 Мбит/сек болатын интернетті қосу (FWA) шешімі пысықталды:

1. Алғабас (Алатау ауданы);

2. Әлмерек (Түрксіб ауданы);

3. Нұршашқан (Түрксіб ауданы);

4. Таусамалы (Наурызбай ауданы) ықшамаудандары 2021 жылғы қыркүйектің соңына дейін бірінші кезеңде, сондай-ақ 2022 жылдың 2 тоқсанына дейін тағы 4 жаңа ықшамаудан екінші кезеңде интернетке қосылады.

Баян Қоңырбаев интернеттің мегаполис халқы үшін өте маңызды екенін атап өтті. Сондықтан интернет байланысын жақсарту бойынша жұмыс жалғаса береді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі