Әкімдікте газдандыру бойынша жеңілдетілген несиелеуді жүзеге асыру туралы айтты

02.09.2020

Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Энерготиімділік  және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы қаласының әкімі халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарын жеңілдікпен несиелеу және тегін газдандыру жолын ұсынған болатын.

«Халық банкімен» бірлесе отырып, халыққа жеңілдетілген несие беру, табиғи газға қосылу мүмкіндігі берілді. Бұл акция 10 тамыздан басталды. Тұтынушы несиені комиссиясыз, кепілсіз және пайызсыз ала алады. Қандай сома алса, тура соны 18 айдың ішінде банкке қайтарады», — деді Ә. Масабаев.

Банкпен құжаттар тізімін азайту бойынша келісімге қол жеткізілгенін атап өтті.

Тұрғындар аудандық әкімдіктер арқылы өтініш бере алады. Онда оларға қажетті құжаттар бойынша кеңес беріледі.

Өткен жылы банк халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарының ішінен 240 адамды іріктеп алды. Үстіміздегі жылы 92 үйді қосу керек. Бұл үйлер газ жүйесіне тегін қосылады.

Сонымен қатар басқарма басшысының айтуынша, Алматы қаласы 99% газға көшкен. Қосылмағаны – 1%.

«Егер шілде айының соңында газға қосылмаған 2800 үй болса, қазір 500-ден астам үй табиғи газды пайдаланады. Қосымша 170 үй дайындалып жатыр. Аптаның соңына дейін олар да қосылады және бұл санды 743 үйге дейін жеткіземіз», — деп атап өтті Ә. Масабаев.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі