Ерекше форматтағы қойылымда басты рөлді сомдайтын – өнер абызының өзі.
«Алаштың Асанәлісі» – 85 жаста. Қазақстанның еңбек ері, біртуар тұлға Асанәлі Әшімовтің мерейтойына орай әкемтеатрда «Өнерім-өмірім» атты интерактивті спектакль сахналанды.
Ерекше форматтағы қойылымда басты рөлді сомдайтын өнер абызының өзі. Мерейтойлық кештен бөлек, әртісті Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы әкімі арнайы барып құттықтады. Шапан жауып құрмет көрсеткен әкім әртіске ұзақ өмір тілеп, оның өнер саласындағы сүбелі үлесін атап өтті.
«Қазіргі Тоқаевтың айтып жатқан «Жаңа Қазақстанын» қолдаймын. Халыққа деген өзінің көңіл-күйін, жағдайын жақсартамын дегеніне жүрегім жылиды. Солай болсын деп тілеймін. Қаланың әкімі Ерболат келіп жатыр. Рахмет. Менің баламнан кіші. Енді міндет қой үлкен адамды сыйлағаны. Соған риза болдым. Халықпен араласу деген осы», – деді Қазақстанның еңбек ері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов.
Абыздың мерейтойына арналған «Өнерім-өмірім» атты спектакльге келген халық сахна саңлағын құрмет-қошеметпен қарсы алды. Қойылым интерактивті форматта, яғни сұхбат түрінде ұйымдастырылған. Көрермен өзін толғандарған сұрағын актерге тікелей сахнада қоюға мүмкіндік алады.
«Асекеңнің өзінің өтініші бойынша халықпен сұхбаттассам, өзімнің тәжірибем туралы, жасаған әрбір рөлдерімдегі қиналған кездерім туралы ортаға ой тастап, бөліссем деген ниетінен туындап отыр. Бұл негізінен солай болуы керек. Тәжірибемізді арттағы ұрпаққа беріп кетпесек, оның қандай пайдасы бар», – деді М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының режиссері Әубәкір Рахимов.
«Асанәлі ағаға еліктейтін білгісі, көргісі келетін қаншама жастар бар. Солардың барлығына таптырмайтын спектакль. Тау тұлғамен тікелей сахнада сұхбаттасу қайталана бермейді. Мен Асанәлі ағамыздың қасында жүрсем де көп сұрағым бар. Үнемі қойып жүремін, сонда да көп нәрсені білгім келеді», – деді Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды.
«Адам атаққа масаттанып ұшып кетпеуі үшін артында қорғасын болуы керек. Менің ұстаздарым осылай үйретті» деген актер жас буынға сахнадағы алғашқы қадамынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі өмір жолында түйген үзік сырларын ақтарды. Көзі көрген тау тұлғалар жайлы естеліктерін әңгімеледі. Ұстаздарына бас иген ол бүгінде өзі де талай шәкірт тәрбиелеп келеді.
«1,5-2 жылдай бізге сабақ берді. Ол кісі мені шәкіртім дейді. Сондай бір қарым-қатынастамыз. Ал адами қасиеті. Бұл кісінің тағдырын білеміз, ол жазылып та жатыр. Бірақ соның бәрін көтеріп мына жасқа келу деген... Мықты адам», – деді М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актері Бауыржан Қаптағай.
Асанәлі Әшімов қазақ киносының қазынасына айналған «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» секілді классикалық туындыларда басты рөлді сомдады. Толғаныстардан тұратын бірқатар көркем шығарманы жарыққа шығарды. Еңбек ері бүгінде «Отан», «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталған.
Дереккөз: Almaty.tv.