Жер сілкінісі қаупі бар аймақтарға құрылыс жүргізуге қатаң тыйым салынады

06.04.2023

Мәжілісте 50-ге жуық заң жобасы қаралып жатыр.

Бұдан былай жер сілкінісі қаупі бар аймақтарға құрылыс жүргізуге қатаң тыйым салынады. Өйткені Қазақстан аумағының 40 пайыздан астамы жерасты дүмпуіне бейім екен. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты.

Екі ай бұрын Түркияда болған жер сілкінісінен соң, көптеген елдер сейсмикалық жағдайға алаңдап, қауіп-қатердің алдын алуға көңіл бөле бастаған. «Қазақстанда да қауіп жоқ дей алмаймыз» деді Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин. Оның айтуынша, ел аумағының 40%-дан астамы жер сілкінісіне бейім екен. Бұл әсіресе Алматы мен Алматы облысына қатысты.

«Елімізде жер сілкінісін болжау, оның алдын алу немесе мониторинг жүргізу мәселесі кенжелеп қалғанын мойындау керек. Тіпті бұған жеткілікті түрде қаржы да бөлінбейді. Түркиядағы апаттан кейін ғана қолға алып жатырмыз. Жақында Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымына Сейсмология институты берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазір бірқатар жұмысты бастадық. Жыл соңына дейін 30-дан астам сейсмикалық стансалар тапсырылады. Бұл жер сілкінісі қаупін егжей-тегжейлі талдауға көмектеседі», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Министрдің айтуынша, сейсмикалық стансалар құру арқылы жер сілкінісі қаупі бар нүктелерді білуге болады. Кейін ол орталықтарға арнайы датчиктер қойылып, халықты құлақ-қағыс етуге мүмкіндік бермек. «Бірақ бұл қауіпсіздікті толық қамтамасыз етпейді» дейді Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек. Төтенше жағдайлар министрінің баяндамасын тыңдаған халық қалаулысы Алматы мен Алматы облысында құрылыс талабын ескермей салынып жатқан нысандарға шектеу қою керегін айтты.

«Ең қауіпті аймақ – Медеу, Бостандық және Наурызбай ауданы. Бұл– сейсмикалық әрі сел қауіпі төнген аймақтар. Жер кодексі және сәулет қала құрылысы талаптарын сақтап жатқан компания жоқ. Соғылып жатқан нысандардың 33 пайызы заңсыз. Сейсмикалық талаптарға келмейді. Қауіпті», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.

Мәжіліс мінберінде басқа да мәселелер айтылды. Бірі – қазақстандықтар сарыла тосып жүрген баспана жайы. Төменгі палатаға жуырда ғана жайғасқан Дәулет Мұқаев «Жас отбасы» бағдарламасының бастапқы жарнасын 10 пайыздан асырмауды ұсынды. «Қазір отбасы болмай жатып, екіге кетіп жатқан жұптар көп» деді депутат. Ажырасудың ең бірінші себебі –баспананың болмауы.

«7-20-25 бағдарламасының лимиті алынып тасталу керек. Одан кейін мына «Бақытты отбасы» бағдарламасына байланысты әсіресе, көпбалалы отбасыларға берілетін баспана тәртібін бекіту керек. Себебі бір бөлмелі үй берілмеуі керек. 32-40 шаршы метрде ата-ана, ұлы бар, қызы бар, аядай бөлмеде қалай өмір сүреді», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев.

Қазір Мәжілісте 50-ге жуық заң жобасы қаралып жатыр. Оның 8-ін бүгін төменгі палата өкілдері талқылауға шығарды. Төтенше жағдайлар және дүлей зілзаланың қауіп-қатерін азайту орталығын құру, Қазақ-түрікмен шекарасында режим орнату туралы заң жобалары осы отырыста қолдау тапты.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.