27 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде зерттеуші Р.Р. Шаяхметовпен кездесу ұйымдастырылған еді.
Өткен жылы Балалар жылы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің архиві «Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» мектептік оқу-зерттеу жұмысының байқауын өткізуге бастамашы болған еді.
Байқауды қорытындылау «Ашық қоғамға – ашық архив» атты І Халықаралық архившілер Конгресі аясында ұйымдастырылды (2022 ж. 19–21 қазан).
Биыл да дәстүрді жалғастыра отырып, архив Алматы қаласы Білім басқармасымен бірлестікте, қаладағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары арасында «Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» атты ІІ байқауын жариялады. Іс-шараның мақсаты – жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының интеллектуалдық және тұлғалық дамуы, олардың тарихты оқыту саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының әдісі мен тәсілін меңгеруі, жастарды Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық тарихқа қатысты деректі дереккөздерді, туған жер, отбасы туралы деректі дереккөздерді зерттеу мен сақтауға тарту болып табылады.
27 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде зерттеуші Р.Р. Шаяхметовпен кездесу ұйымдастырылып, оған Алматы қаласының жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімі мен оқушыcы шақырылды. Ринат Равильұлы Шаяхметов – Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған (1946–1954) Жұмабай Шаяхметовтің немересі. Ол сонымен қатар 2022 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің архиві тарапынан дайындалып, жарияланған «Жумабай Шаяхметов. Документы и материалы» құжаттық жинағының құрастырушыларының бірі. Ринат Равильұлы ғылыми-зерттеу жұмысында отбасылық архивтің алатын орны ерекше екенін айта келе, өзінің отандық және шетелдік архивтердегі көп жылдық тәжірибесі, зерттеу жұмысының әдіс-тәсілдері туралы айтып өтті.
Жас зерттеушілер құжаттармен жұмыс барысында туындайтын мәселелер бойынша сұрақтар қойып, оларды талқылады, сонымен қатар байқауға қатысудан алған әсерлерімен бөлісті.
«Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» байқауы оқушылардың ғылыми жобаны дайындауда тәжірибесі мен құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік береді және мұндай кездесулер олардың ой-өрісін кеңейтіп, жаңа ізденіс пен идеяға шабыттандырады.
Дереккөз: Almaty.tv.