Жол жүру қағидасы: Алматылықтарға қоғамдық көлікте төлем жасаудың түрлері айтылды

03.03.2023

Тасымалдаушылар жолаушының жол ақысын уақытында төлеу міндетін тұрғындарға қатаң ескертеді.

Алматылықтарға қоғамдық көлікте төлем жасаудың бірнеше жолы бар екені жайлы айтылды. Бұл шаралар бірінші кезекте азаматтарға ыңғайлы болу үшін енгізілген, сонымен қатар билетсіз жүру фактілерін азайтуға мүмкіндік беретінін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында пайдалану жөніндегі директордың орынбасары Абылайхан Омархан мен «Алматыэлектротранс» ЖШС бақылау-тексеру қызметінің басшысы Олжас Қабиев айтты.

Бүгінде Алматыда қоғамдық көлікпен жүру ақысын төлеудің бірнеше түрі бар:

1. ONAY көлік картасының көмегімен жол ақысын төлеу;

2. ONAY мобильді қосымшасын виртуалды картамен пайдалана отырып, тіркеу терминалындағы QR кодын сканерлеу арқылы немесе мобильді қосымшада тіркеу терминалында көрсетілген 6 сандық көлік кодын енгізу арқылы, SQR кодын сканерлеу немесе мобильді қосымшада қоғамдық көлікте көрсетілген 7 таңбалы сандық кодты енгізу арқылы;

3) SMS-төлем;

4) Beeline абоненттері мобильді телефонда *9909# немесе *202# командасын теру арқылы USSD-кодты пайдалануға болады;

5) Көлік жүргізушісіне қолма-қол төлем жасау арқылы. Мұндай жағдайда жол жүру ақысы – 150 теңге болады, одан кейін жүргізуші жолаушыға ONAY-дың қағаз билетін береді.

Жол ақысын төлеуден жалтару мәселесіне келсек, «Алматыэлектротранс» тасымалдаушысының мәліметі бойынша, қалалық бағыттарда төлем жасамау жағдайы шамамен 20% болды. 4 жыл бұрын қалалық бағыттар бойынша жолақысын төлемеу 30 пайызға жуық болса, қала маңындағы маршруттарда бұл көрсеткіш 70 пайызға жеткен.

«Бірақ бұл көрсеткіштің өзі айтарлықтай ауқымды. Бұл компанияның, айталық, көбірек автобустар алуына, қосалқы бөлшектерді сатып алуына әсер етеді. Жоспарлау критерийлерінің бірі болып саналатын жолаушылар ағынын дәл анықтауға мүмкіндік бермейді. Ол барлық процеске әсер етеді. Яғни, төлемнен жалтару арқылы мұндай жолаушылар бірінші кезекте өздеріне және басқа да осыған ұқсас жолаушыға зиян келтіреді. Бірақ барлық жолаушы бірдей жол ақысын төлеуден жалтарады деуге болмайды. Олар тегін жүруге болмайтынын да жақсы түсінеді. Мәселен, жедел желі телефонына төлем жасамаған жолаушылардың суреттері жиі түседі. Төлемегендерді жолаушылардың өздері сөгіп, бетіне айтып жататындай жағдайлар бар», - деп бөлісті А.Омархан.

Қазіргі уақытта билетсіз жол жүргені үшін салынатын айыппұл мөлшері - 2 АЕК. Билетсіз жүретін жолаушыларды күнделікті бақылау және тексеру жұмыстарын 50 маман жүргізеді. Олардың міндетіне жолаушылардың төлем жасау фактісін тексеру, сондай-ақ қолданыстағы төлем түрлерін түсіндіру кіреді.

Сонымен қатар, билет тексеруші маман жолаушы тарапынан тасымалдау ережелерін бұзу фактісі орын алса, оны түсіріп кетуге құқылы. Мысалы, жолаушы итті тұмылдырықсыз және қарғыбаусыз тасымалдаса немесе өзі мас болған жағдайда.

Жолаушы төлеуден, тексерушінің талаптарына бағынудан бас тартқан жағдайларда, нұсқаулыққа сәйкес ол полицияның әкімшілік айыппұл салуы үшін 102 нөміріне қоңырау шалуға құқылы. Осылайша, жыл басынан бері тасымалдау барысын тексеруші 113 рет қоңырау шалып, полицейлер жолаушыларға тиісінше 113 хаттама толтырған.

Төлемеу фактілерінің азаю динамикасына қарамастан, қаладағы жағдай сақталуда. Тасымалдаушылар жолаушының жол ақысын уақытында төлеу міндетін тұрғындарға қатаң ескертеді, себебі бұл автобус паркін ұстауға тікелей әсер етеді.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.