Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы бүгінгі күні 95%-ға аяқталды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары комитеті мәлім етті.
Ведомствоның мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда асфальтбетон жабынын орнату жұмыстары аяқталған.
«Қазір абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. БАКАД-тың құрылысы уақытынан бұрын жасалуда. Жол салу жұмысын аяқтау мерзімі биылғы жылдың соңына дейін жоспарланды. Жоба толығымен 2023 жылы аяқталады»,-деп хабарлады автомобиль жолдары комитетінің баспасөз қызметі.
Үлкен Алматы айналма жолының жалпы ұзындығы - 66 шақырым (бірінші санат, 6 жолақ).
Жобаны түрік-корей консорциумы жүзеге асырып жатыр.
Еске салсақ, БАКАД-ты салу жұмыстары 2018 жылдың мамыр айында басталған болатын.
Айта кетейік, БАКАД - Қазақстан тарихындағы ірі инфрақұрылымдық жобаның бірі.
Оның құрылыс жұмыстары толық біткен кезде, Алматы облысының экономикасына серпін бермек, себебі, шамамен 300 млрд теңге инвестиция тартылады.
Бұл шағын және орта бизнеске мультипликативті әсер ететін болады.
Яғни, жол бойындағы сервис, ондағы көлік-логистикалық терминалдардың дамып, өнеркәсіптік кәсіпорындардың нарыққа қолжетімділігі артпақ.
Дереккөз: inform.kz