14.07.2023

Қарасай, Іле және Талғар ауданының тұрғындарына абоненттік төлем қарастырылған.

Үлкен Алматы айналма жолы 21 шілдеден бастап ақылы болады. Индустрия министрлігінің мамандары тақтайдай тегіс асфальтпен жүру құнын жариялады.

Шілденің ортасында ашылған БАКАД елдің жиі жүретін жолына айналды. Жүк көліктерімен қатар, бұл бағытпен қалаға кірмей, айналып өткісі келетіндер де жүреді. Отыз күнге жуық тегін қызмет көрсеткен күрделі жол енді ақылы болмақ.

Алты жолақты ақылы жолда апат бола қалса, яки автокөліктен ақау шықса, мынадай қызметкерлер келіп, жолдың бойына шығарып, белгілермен оқшаулап қояды. Өйткені бастысы қауіпсіздік.

– Дөңгелек жарылса, анау бензин жоқ, машина бұзылса, қауіпсіз орын бар. Алла разы болсын, бәрі бар, жұмыс жақсы. Арнайы бағыт көрсетілген, – деді «ҮААЖ» ЖШС жол патруль қызметкері Мамлюк Китадзе.

Ал 66 шақырым болатын су жаңа жолдың төлеміне тоқталсақ, жеңіл автокөлік иесі 241 теңге төлеуі тиіс. Ал автобустарға баға 276 мен 552 теңге аралығында белгіленген. Ауыр жүк көліктеріне құн - 690 теңге. Егер 15 тоннадан асатын ауыр машина болса, 759 теңгеге дейін төлеу қажет

– Бұл түскен ақша тікелей республикалық бюджет қаражатына кетеді. Техника экономикалық негізге сәйкес бұл учаскеде 38 мың автокөлік жоспарланған. Алайда қазіргі таңда  тәулігіне 50 мың автомобиль жүріп жатыр, – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Жандос Игенбаев.

Сондай-ақ айлық немесе жылдық абоненттік төлем де қарастырылған екен. Оны тек Қарасай, Іле және Талғар аудандарының тұрғындары ала алады. Себебі үлкен айналма жол аталған аудандарды басып өтеді. Жауаптылардың сөзінше, қазірдің өзінде көлік ағыны жоспарланған көлемнен асып кеткен. Айта кетейік, төлем жасау үшін кезек күтіп, шлагбаум алдында тұрудың қажеті жоқ, бәрі электронды түрде жүзеге асады.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.