02.03.2023

Мегаполисте такси қызметін көрсететін орындарды реттеп, оларға жеке ережелер әзірлеу керек. Бұл туралы Медеу ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында Ерболат Досаев айтты.

Қала басшысымен кездесуге келген Алматы тұрғындарының бірі «Halyk Arenа» аумағындағы такси жүргізушілеріне шағымданып, сол жерге Сергек» камералары мен жол белгілерін орнатуды ұсынды.

«Менің ұсынысым Құлжа тас жолының бойында орналасқан «Halyk Arenа» аялдамасына қатысты. Таңертең және кешкі уақытта сол жерге такси жүргізушілері көптеп жиналады. Қалаған жерлеріне тоқтап, жол қозғалысы ережелерін бұзып, жолда көлік қозғалысына кедергі жасайды. Соның салдарынан Талғар тас жолы мен Рысқұлов даңғылының қиылысында кептеліс қалыптасады. Сондықтан жол белгілері, «Сергек» камераларын орнатып, сары жолақтарды салуды ұсынамын»,- дейді Медеу ауданының тұрғыны.

Алматы әкімі қалалық мобильділік басқармасына қала тұрғынының ұсынысын қарастыру жөнінде тапсырма беретінін айтты.

«Біздің такси жүргізушілері клиенттеріне жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бұл мәселе тек Құлжа тас жолында ғана емес, сонымен қатар Алтын Орда мен Барлық базары маңында да бар. Такси қызметін көрсететін орындарды реттеп, оларға жеке ережелер әзірлеу керек деп ойлаймын. «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға мәслихат тиісті нормаларды қабылдайтындай өзгерістер енгізуге болады деген үміттемін. Биыл да «Сергек» камералық жүйесі қосымша енгізіп жатырмыз. Жоспарда болса, орнатамыз. Менің ойымша, елімізде такси қызметін реттемейінше тәртіп болмайды. Бүкіл әлемде такси жүргізушілеріне арналған тұрақтар бар, біз де осыған келеміз деп үміттенемін»,- дейді Ерболат Досаев.

Сонымен қатар ол «Halyk Arenадағы» мәселе бойынша жауапты мекеме басшыларына проблеманы егжей-тегжейлі зерделеуге бір ай уақыт беретінін жеткізді.

Бұған дейін Алматы әкімі барахолка базары бойындағы ретсіз автотұрақтарды жоюды тапсырған болатын.

 

 

 

Дереккөз: inform.kz