Сингапур тәжірибесі: Алматы балабақшасында мектепке дейінгі балалардың шығармашылық қабілетін дамыту және әлемді таныту үшін жасанды қала салынды

04.03.2024

 

Алматының Алатау ауданындағы №1 балабақшада бүлдіршіндердің жеке жасанды қалашығы пайда болды. Бұл орталықты Сингапурда тағылымдамадан өтіп келген тәрбиешілер жүзеге асырды.

Сингапурлық тәжірибенің ерекшелігі – мектеп жасына дейінгі балалардың әлемді зерттеуіне, шығармашылық дағдысын дамытуына көмектесетін жасанды қала құру.

Соның негізінде №1 балабақша балақайлары тәрбиешілермен бірігіп жеке полиция бөлімшесі, дүкені және дәрігерлік кабинеті бар «Арман қала» декорациясын құрастырды. Бұл қалашықта балалар емін-еркін ойнау үшін барлық жағдай жасалған.

145 бала тәрбие алып жатқан бұл даму орталығында 9 бөлме бар. Әр бөлме балалардың шығармашылық дағдысын дамытуға бағытталған: инклюзия, монтессори, кітапхана, зертхана, көркем өнер бөлмесі, тұзды шахта, сонымен қатар, логопед пен психолог жұмыс істейтін кабинеттер де бар.

Балабақша меңгерушісі Қымбат Қарабалаеваның айтуынша, балалар өз қолымен бұйымдар дайындау арқылы танымдық, шығармашылық қабілетін дамытады. Осылайша бүлдіршіндер өз әлемінің кішкентай құрастырушысы бола білді.

Бұған қоса, балабақша өндірістік мекемелермен экскурсиялар өткізуге келісім-шартқа отырған. Олардың қатарында тауарлы-сүт фермасы, «Qamshy Brand» наубайханасы, тері бұйымдарын жасайтын цех бар.

Осылайша балабақша тәрбиешілерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары балалардың ой-өрісін кеңейтуге, сыни тұрғыдан ойлау, тыңдау, есте сақтау қабілеттерін дамытуға ықпал етті. Балалардың танымдық қызығушылығы мен шығармашылық қабілетін дамытуға септігін тигізді.

Сонымен бірге, орталықта балалардың сөйлеу қабілетін дамытып, тілін жаттықтыру мақсатында театр ашылды. Мұнда барлық бала шағын қойылымдарға қатысып, әртістік өнерін де шыңдап келеді. Бұл балалардың мектепке дейін зейінін қалыптастырып, шығармашылық әлеуетін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Атап өтсек, 2023 жылдың шілде айында Алматы қаласының мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметкерлері «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында қайта даярлау және біліктілікті арттыру» курсы бойынша Сингапурда тағылымдамадан өткен болатын.

Жақында мұнда «Балабақшадағы зерттеушілік іс-әрекет арқылы балалардың танымдық және шығармашылық қабілетін дамыту» тақырыбында қалалық семинар өтті. Қалалық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жетекшілеріне оқытудың, оқушылардың әртүрлі қажеттіліктерін қолдаудың және ынталандырушы оқу ортасын құрудың озық тәжірибелері мен бірегей әдістері ұсынылды.

 

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі