Сұрақ-жауап: Түрксіб ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

31.03.2023

2 сағатқа созылған жиынға 200-ден астам тұрғын жиналды.

Алматыдағы екі вокзал «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының меншігіне қайтарылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді.

Биыл Түрксіб ауданының құрылғанына 85 жыл толады. Жергілікті халықты мерейтоймен құттықтаған қала әкімі Ерболат Досаев ауданның атауы қаладағы теміржол тарихымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Айтулы датаға орай шаһар басшысы 2 бекеттің де мемлекетке қайтарылатынын жеткізді. Сондай-ақ бекет алдына арнайы ескерткіш орнатып, вокзал маңындағы кептелісті реттеуді сұраған тұрғынның өтінішін ескерусіз қалдырмады.

«Алматы-1 вокзалындағы көлік қозғалысын реттеу керек шығар. Бұл жерде ылғи кептеліс болады. Келер жылы Алматы-1 вокзалына 50 жыл толады, жөндеу жұмысы жүргізіле ме?» – деді тұрғын.

«Мен қаладағы теміржол бекеттерін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының меншігіне қайтару туралы шешім қабылдадым. Негізі вокзал – қала инфрақұрылымының айнымас бір бөлігі. Енді бекеттерді жөндеп қана қоймай, қажетті қаражат бөлуді жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.    

Қала әкімі теміржол бекеті алдындағы кептелісті ретке келтіруді жер қатынастары басқармасына тапсырды. Ол үшін вокзал маңындағы жекеменшік аймақты автотұрақ алаңына айналдыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Түрксіб ауданы халқын балабақша мәселесі де алаңдатады екен. Кезегіміз келмей жатыр деген Жас қанат ықшамауданының тұрғыны әкімге базынасын айтып, мәселе сол жерде шешімін тапты.

«Балаларым дүниеге келісімен балабақшаға кезекке тұрғыздым. Қазір үлкені 4 жаста, кішісі 3 жасар.  Жас қанаттағы №187 балабақшада орын өте аз. Open Almaty бойынша сағат 5:00-ден кезекке тұрамыз, 5 минутта орын жоқ болып кетеді. Сондықтан сізден көмек сұраймын», – деді тұрғын.

«Жас қанат шағынауданында 2 мемлекеттік балабақша бар, екеуінде де орын толық. Алайда қазір өтініш айтып тұрған кісі көпбалалы ана болғандықтан, бірінші кезекте орын ала алады», – деді Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.  

«Аудан әкімімен бірге ақылдасып, мамыр айында осы мәселені қарастырыңыздар», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.  

Түрксіб қаланың шеткі ауданы болғандықтан халықты мазалайтын негізгі түйткілдердің бірі - инженерлік желі екені белгілі. Жарыққа жарымай отырған Сүйінбай даңғылының тұрғындары да қала әкімінің көмегіне жүгінді.  

«Мен 27 отбасының атынан келіп тұрмын. Біз 25 жылдан бері «Модуль» заводынан электр жарығын алып отырмыз. Желілер өте ауыр жағдайда, өрт қауіпі бар. Бұл мәселені бірнеше рет жаздық. «Трансформатор сатып алыңыздар» дейді. Қазір жоқшылық, қымбатшылық кезінде  тұрғындарға өте ауыр. Сондықтан қалалық электр желісіне қосылуға көмек берсеңіз», – деді тұрғын.

«Мен қазір Энергетика басқармасының бастығына тапсырма берейін. АЖК-мен бірге мәселенің шешімін қарастырып, 27 үйді қалалық электр желісіне қосыңыздар», – деді қала әкімі.

«Қазір байланыс нөмірін алып, айтылған мәселені реттейміз», – деді Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Санжар Алин.

Айта кетейік, бұл – жыл басталғалы шаһар басшысының Түрксіб ауданы халқымен бірінші кездесуі. 2 сағатқа созылған жиынға 200-ден астам тұрғын жиналды. 3 қатарға бөлініп, кезекпен сауал қойған тұрғындар мәселесін сол жерде шешуге мүмкіндік алды.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.