28.02.2023

Шымылдығын әлеуметтік қойылыммен ашқан театр байқауда топ жаруға ниет етіп отыр.

Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылық жағдайы 2 есеге өскен. Қоғамда кең талқы мен түсіндіруді талап ететін тақырыпқа бүгін университет жастары да өз үлесін қосып, өзекті мәселені көптің назарына ұсынды.

Шымылдығын әлеуметтік қойылыммен ашқан студенттер театры бұл тақырыпқа оңай бойлай қоймағанын айтады.

«Театрда негізгі қоғамдағы қазіргі проблемаларды, әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүрміз. Бұл тақырыпты таңдауымыздағы негізгі себебі – қазіргі қоғамда әлеуметтік жағдайы қиын отбасы, жастар көп кездесіп отыр. Мәселеден шығу жолын көрсетуге, әр жастың басында кездесетін қиындықты бейнелеуге тырыстық», – деді Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры Таиржан Ысқақов.

«Сәби болғым келеді» қойылымы – ел арасындағы өзекті тақырыпты өнер тілімен жеткізуді мақсат етеді. Тұсауын жаңа кескен театр әлі де халықаралық дәрежеге шығып, байқауда топ жаруға ниет етіп отыр.

«Сахнаға жарық қалай түседі? Қай жерге қоюға болады? Осы сұрақтың барлығын талқылап, 2 ай жұмыс істеп, қойылымды дайындадық», – деді қоюшы-режиссер Әйгерім Дәулет.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.