Бұл мақсатта жалпы 7,45 млн гектар жерге тексеру жүргізілмек.
Елдің 15 облысында жайылымдық жер жетіспейді. Бұл мәселе әсіресе Түркістан, Қызылорда, Атырау мен Алматы облысында өзекті. Кесірінен мал жайып, жан бағатын шаруалардың тарапынан наразылық жиі туындай бастаған. Осы мәселені ескерген Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр арнайы жарлыққа қол қойған еді. Онда: игерілмей бос жатқан жерлерді анықтап, мемлекет меншігіне қайтару тапсырылған.
Қазақ даласында мал жаямын деп жайылымның бәрін алып, егін егемін деп көптен бері көсеу де тигізбеген қожайындар әлі көп. Кесірі шаруа мен қойшының тірлігіне кедергі. Отарлап мал бағайын десе жайылым жоқ, ал егін жайқалтамын дегендерге алқап жетіспейді. Онсыз да ауылдық жерде ауыл шаруалығымен ғана күнелтетін көпшілік бүгінде бұл жағдайға наразы. Ел мәселесін ескерген Президент өткен жылы арнайы комиссия құрып, бос жатқан жерлерді анықтауды тапсырған еді. Соған сәйкес, бүгінде мемлекет меншігіне өткен жер көлемі Республика бойынша 5,2 млн гектарға жетті. Оның 2 миллионы азаматтардың игілігіне қайта берілген. Мәселен, біз арнайы барған Жамбыл ауданында елдің көбі мал бағып, қожалық жүргізеді екен.
«Қазіргі басты тапсырма, өзекті мәселенің бірі – ауыл тұрғындарын ортақ жайылыммен қамтамасыз ету. 61 елдімекеннің 44 елді мекеніне 37 мың гектар қазіргі уақытта бекітіліп берілді. Ол біреудің жеке басына емес, ауылдық әкімдіктердің балансына бердік», – деді Жамбыл аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Азамат Сұлтанов.
«Өнім өндіру үшін, әуелі жер керек». Елге Жолдауында осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев аумақ-алқаптарды бөлуде тиімді тәсіл әзірлеуді жүктеген. Өйткені, сұранысқа сай жағдай жасау - кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттырады. Ал бұқараға жері жетіп, өнімі артқан Жамбылда мал басы көбейе бастапты. Қазір ауданда 920 мыңнан астам ұсақ мал, 130 мың ірі қара, 46 мыңға жуық жылқы бар. Құс шаруашылығының да саны артып келеді.
«Малдың шаруашылығы өндірген өнімі 2022 жылы 25 мың тоннадан астам ет болды, 53 мың тоннадан астам сүт болды, 1922 тонна жүн өндірді. 122 млн 500 мың дана жұмыртқа өндірді», – деді Жамбыл аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Дүйсеналы Еңкелешев.
«Аудан бойынша 55 мың гектар қосымша анықталып, тағы да пайдаланылмай жатқан жерлер деп. Олармен де қазір келіссөз жүргізіліп жатыр. Ал ары қарай келіспеген жағдайда келісімшартты орындамағаны үшін талап-арыздар сотқа беріліп, қайтарылады. Қайтарылған жерлерді ауыл тұрғындарына ортақ жайылымға бекітіп беріп жатырмыз», – деді Жамбыл аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Азамат Сұлтанов.
Қосалқы шаруашылықтардың малын жаю үшін бүгінде ел бойынша жалпы 8,9 млн гектар жер жетіспейді. Аграрлық сектордың беделді өкілдері мен жер мәселесін жетік білетін сарапшылардың алдында биыл тағы 5 млн гектарды мемлекетке қайтару міндеті тұр.
Заңнаманы бұза отырып, бір кездері беріліп кеткен жерді мемлекет меншігіне қайтарудың былтырғы Президент Жарлығына сәйкес жүргізіліп жатқанын айттық. Бұл мақсатта жалпы 7,45 млн гектар жерге тексеру жүргізілмек. Яғни, пайдаланылмай, бос жатқан 2584 субъекті назарға алынады деген сөз.
Дереккөз: Almaty.tv.