Қазақстан мен БАӘ: орасан зор экономикалық әлеует пен ортақ құндылықтарға негізделген серіктестік

18.01.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы шетелге алғашқы ресми сапарын Біріккен Араб Әмірліктеріне жасады. Дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде екі елдің ынтымақтастығы нығайып, көптеген салада байланыс жолға қойылды. Қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 2022 жылы шамамен 600 миллион долларға жетті. БАӘ-ден келген инвестиция көлемі 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында екі есе артқан. Енді ел президентінің бұл сапары да екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін береді деп күтілуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Дабиде өткен «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитіне қатысып, Abu Dhabi Ports Group компаниясының бас директоры Мұхаммед әл-Шамисимен кездесті. БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз өткізді. Жалпы сапар барысында қандай мәселелер көтеріліп, қандай салаларға баса мән берілгені жөнінде ҚазАқпарат шолуында.

Қазақстан – БАӘ-нің Орталық Азиядағы жетекші әріптесі

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 1 қазанда орнатылды. БАӘ – жеті әмірліктен тұратын федералды монархиялық мемлекет. Қос ел арасындағы ынтымақтастық жыл сайын әр салада қарқынды дамып келеді. Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК секілді халықаралық ұйымдар аясында өзара тиімді байланыс жасап, ғаламдық проблемаларды шешуде маңызды рөл атқарып отыр. БАӘ экономикасының негізі – сауда, шикі мұнай мен газды өндіру және экспорттау. БАӘ Қиыр Шығыс пен Еуропаның өнеркәсіптік экономикалық бағыттарының ортасында орналасқан, бұл елдің халықаралық экономикалық орталыққа айналуына ықпал етуде.

Қазақстан – БАӘ-нің Орталық Азиядағы жетекші серіктестерінің бірі. Мәселен, БАӘ-ден келген инвестиция көлемі 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе өсіп, 128,7 млн АҚШ долларын құрады. Жалпы БАӘ Қазақстанға шамамен 3 миллиард доллар инвестиция құйды, ал Қазақстан БАӘ-ге миллиард доллардан астам инвестиция салды. 2022 жылдың аяғында елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 600 миллион долларға жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесу барысында тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізу үшін күш салуға шешім қабылданғанын мәлімдеді.

30-дан астам отандық өндіруші тауарларын БАӘ-ге экспорттайды

2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстан кәсіпорындарына БАӘ инвестицияларының жалпы сомасы 146,6 млн долларды құрады. ҚР-дан БАӘ-ге экспорт 555,5 млн долларды құрап, 8%-ға төмендеген. Осыған орай, экспорт көлемін арттыру мақсатында бірқатар іс-шараны жүзеге асыру қолға алынып отыр. Осы тұста ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың өткен жылдың қыркүйектегі БАӘ-ге сапары аясында Қазақстан өнімдері экспортын ұлғайтуға мүмкіндік беретін келісім жасалғанын атап өту керек. Қазақстан стандарттау және метрология институтының мәліметінше, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті ҚазСтандарт Gulf TEC Certification – өнімнің парсы шығанағы елдерінің талаптарына сәйкестігін бағалау саласындағы кәсіпорынмен келісімге қол қойды.

Бұл келісім БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар, Кувейт, Оман жеткізушілерінің тізіліміне қосу рәсімін айтарлықтай жеделдетуге, саудадағы техникалық кедергілерді алып тастауға, отандық өнім экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, 30-дан астам қазақстандық өндіруші БАӘ-ге тауарларын экспорттауға мүмкіндік алды. Олардың 9-ы – ресми тізілімге енгізілген тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілер. Өндірушілер бүгінде елден шықпай-ақ, «Халал» сертификатын ала алады.

Қазақстаннан БАӘ-ге экспорттың негізгі тауарлары қатарында шикі мұнай (249,6 млн доллар), мыс және мыс катодтары (235,3 млн доллар), қой немесе ешкі еті (12,2 млн доллар), легирленбеген болаттан жасалған ыстықтай илектелген жазық илек (10,5 млн доллар) және өзге де қара металдардан жасалған бұйымдар (8,2 млн доллар) бар. Жалпы Қазақстанның БАӘ-дегі экспорттық әлеуеті 100 тауар түрі бойынша 336,5 млн долларға бағаланады.

Ал импортқа тоқталсақ, оның көлемі артқан. Мысалы, 2022 жылдың 9 айында 54,8 млрд долларды құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға өскен.

БАӘ-дегі саммит: «Климаттың өзгеруіне қатысты инвестиця көлемін арттыру керек»

Дүйсенбі күні ел астанасында «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммиті өтті. Оның мақсаты – жаһандық қоғамдастықты біріктіретін және түрлі мәселелерде, жаңашыл серіктестік қатынастар мен инновациялық шешімдерде келісімге қол жеткізу үшін конструктивті диалогқа жол ашатын орнықты даму саласының күн тәртібін қалыптастыру және Климаттың өзгеру мәселелері жөніндегі БҰҰ 28-конференциясына (COP28) тың серпін беру. Аталған жиынға қатысқан ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев планетаны сақтау үшін халықаралық қоғамдастық климаттың өзгеруіне қарсы күрес шараларын қаржыландыру мәселесіне қатысты міндеттемелерін арттырып, бұрын-соңды болмаған мөлшерде қаржылай инвестиция құю керек екенін атап өтті.

- Жаһандық орташа ауа температурасы көтерілген сайын әлемдегі құнарлы азықтың 66 пайызын қамтамасыз ететін негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымы едәуір азаюы ықтимал. Сондай-ақ тұщы су тапшылығына душар болу қаупі зор. БҰҰ баяндамасына сәйкес, 2050 жылға қарай климаттың өзгеруі салдарынан 5 миллиардтан астам адам ауыз суға зәру болуы мүмкін. Бұл дүниежүзілік азық-түлік, энергетика, қала және экология жүйелеріне қатер төндіреді. Мұның бәрі тек саяси шешімдерді ғана емес, басқа да жедел әрі тиімді шаралар қабылдауды талап етеді,-деді Мемлекет басшысы.

 «Қазақстан сутегін экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіре алады»

Сонымен қоса Президент елімізде электр энергиясының 70%-ға жуығы көмірден өндірілетінін айтып, алдағы уақытта өнеркәсіп пен экономикаға түбегейлі құрылымдық өзгерістер әкелетін ауқымды шараларға тоқталды. Оның сөзінше, жаңа Экологиялық кодекс өнеркәсіп корпорацияларының жаңартылатын энергия көздеріне көшуіне оң ықпал етеді.

- Компанияның экологиялық жаңғыруға құятын инвестициясының толық құны бюджетке төленетін экологиялық төлемнен шегеріледі. Мәселенің нормативтік-құқықтық реттеу жағына келер болсақ, биыл барлық негізгі өнеркәсіп салалары үшін Ең үздік қолжетімді техникалардың (BAT) салалық стандарттар анықтамалығын әзірлеу ісі аяқталады. Келесі сатыда ластанған табиғаттың 80%-на жауапты 50 ірі корпорация осы стандарттарға өтуі керек,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ұзақмерзімді стратегия қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы ел. Аталған стратегия ұлттық деңгейде анықталған климаттың өзгеруіне қарсы күрес көрсеткіштеріне үлес қосудың оңтайлы тәсілдерін айқындайды.

Президент саммит қатысушыларына Қазақстандағы жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің перспективалары туралы мәлімет берді. «...Біз инвесторларға анағұрлым ұтымды шарттар ұсыну үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіріп жатырмыз. Жалпы жоспар бойынша, 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энергия ресурсы пайда болады. Бұл орайда «жасыл сутегі» – келешегі зор бағыттың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, еліміз сутегін экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіре алады»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Атом энергиясы – жаһандық деңгейдегі сауда мен инвестиция үшін келешегі мол сала»

Президент атом энергиясын пайдалану мәселесіне назар аударып, бұл ауаға тарайтын парниктік газдардың көлемін азайтуға әсер ететін басты фактордың бірі екенін айтты. Сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы артықшылықтарына тоқталды.

- Еліміз табиғи уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында. Біз ядролық отынның компоненттерін өз елімізде өндіреміз және атом энергиясын қауіпсіз пайдалану ісін одан әрі дамытуға мүмкіндігіміз мол. Біздің пікірімізше, бұл – аймақтық және жаһандық деңгейдегі сауда мен инвестиция үшін келешегі мол сала, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қоса Мемлекет басшысы астық өндірісі бойынша Қазақстан әлемде жетінші орын алатынын атап өтіп, дүниежүзілік азық-түлік тапшылығымен күресте еліміз өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді.

- Біз ауған халқына гуманитарлық көмек ретінде бидай ұнын жеткізу үшін Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен, сондай-ақ БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Осы ретте дамушы елдерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымымен де ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммиті аясында Global High Schools номинациясы бойынша (Америка аймағы) Zayed Sustainability Prize сыйлығын колумбиялық Fundacion Bios Terrae - ICAM Ubate мектебіне табыс етті.

Еске салайық, Zayed Sustainability Prize – тұрақты даму саласындағы орасан зор жетістігі үшін берілетін Біріккен Араб Әмірліктерінің жаһандық сыйлығы. Бұл марапат БАӘ Тұңғыш Президенті марқұм шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянның гуманитарлық мұрасына құрмет белгісі ретінде 2008 жылы өткен «Болашақтың энергиясы» әлемдік саммитінде тағайындалған еді. Аталған сыйлық денсаулық сақтау, азық-түлік, энергетика, суды үнемді пайдалану секілді санаттар бойынша тұрақты даму саласындағы тиімді және инновациялық шешімдері үшін коммерциялық емес ұйымдарға, шағын және орта кәсіпорындарға және орта мектептерге беріледі.

Жиынға Қасым-Жомарт Тоқаевтан басқа әлем елдерінің басшылары, атап айтсақ, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёль, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Ангола Президенті Жуан Лоренсу, Мысыр Сыртқы істер министрі, Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ «COP27» конференциясы сессиясының 27-президенті Самих Шукри, сондай-ақ саясаткерлер, жаңартылатын энергия, технологиялық даму және инновация салаларының жетекшілері, инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты.

«Қазақстан Орталық Азия мен Каспий өңіріндегі толыққанды көлік хабына айналмақ»

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Абу-Дабиге сапары барысында Abu Dhabi Ports Group компаниясының бас директоры Мұхаммед әл-Шамисимен кездесті. Кездесу барысында көлік және логистика саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

Президент Abu Dhabi Ports Group компаниясының Каспий теңізіндегі теңіз және порт инфрақұрылымын дамытып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен стратегиялық серіктестік орнату жөнінде келісімге қол қою жоспарын құптады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Орталық Азия мен Каспий өңіріндегі толыққанды көлік хабына айналуға ниетті екенін және көлік бағыттарын әртараптандыру жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, еліміз Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізін белсенді дамытып келеді.

ҚР Президенті мен БАӘ Президенті не туралы сөйлесті?

Мемлекет басшысы Абу-Дабиге сапарының екінші күнінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесіп, ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы биыл шетелге алғашқы ресми сапары Біріккен Араб Әмірліктерінен басталып отырғанын атап өтіп, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуда бұл сапардың маңызы зор екеніне назар аударды. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан мен БАӘ арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын еске салды. Сондай-ақ осы кезеңде түрлі саладағы ынтымақтастық нығая түскенін, екі ел арасында мазмұнды әрі ашық саяси диалог орнағанын атап өтті. «Екі елдің қарым-қатынасында түрлі салада жетістіктер аз емес. Дегенмен екі мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді. Осы сәтті пайдаланып, Сізге зор алғысымды білдіремін»,-деді Президент.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы екі елдің энергетика, ғарыш, технология, сауда салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті жоғары деп санайтынын, осы сапар барысында жаңартылатын энергия саласында маңызды құжаттарға қол қойылғанын да еске салды.

Өз кезегінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғаннан бері екі елдің ынтымақтастығы жоғары деңгейге көтерілгеніне тоқталып, Қазақстанмен саяси және экономикалық байланыстар аясын кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.

- Келісілген жобалардың толыққанды жүзеге асатынына зор үміт артамын. Елдеріміздің ауаға таралатын көміртегі мөлшерін азайту жөніндегі жоспарлары да ұқсас. Біріккен Араб Әмірліктері көміртегі бейтараптағына 2050 жылға дейін жетуді жоспарласа, Қазақстан бұл мақсатты 2060 жылға дейін орындауды көздеп отыр, – деді Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті.

Кездесу барысында 9 құжатқа қол қойылды

Келіссөз барысында Қазақстан мен БАӘ арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, тараптар жаңартылатын энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы, тау-кен, көлік-логистика, құрылыс-девелопмент және халықаралық қаржы орталықтары арасындағы ынтымақтастық сынды перспективалы салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаласты.

Екіжақты ынтымақтастықтың басқа да басым бағыттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның Бірлескен мәлімдемесінде жарияланды.

Ресми сапар аясында бірқатар құжатқа қол қойылды. Олар:

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Стратегиялық инвестициялық жобаларды құру туралы бірлескен декларация;

2. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Бас азаматтық авиацияның басқармасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

3. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, «KIDF» қоры және «Masdar» компаниясы арасындағы Қағидаттар туралы келісім;

4. «KIDF» қоры мен «Masdar» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

5. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және «Abu Dhabi Ports» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

6. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ және «Abu Dhabi Ports Group» компаниясы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісім;

7. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Денсаулық сақтау және профилактика министрлігі арасындағы Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

8. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Ануар Гаргаш атындағы Дипломатиялық академия арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

9. Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық кітапханасы мен архивтері арасындағы Архив ісі саласындағы халықаралық байланыстарды жүзеге асыру жөніндегі келісім.

«БАӘ - Қазақстанның аймақтағы басты экономикалық және сауда серіктесі»

Бұдан бөлек бүгін Президент Абу Даби әмірлігінің билік басындағы ​​​​әулетінің аға өкілі, БАӘ-нің ірі кәсіпкерлерінің бірі, «First Abu Dhabi Bank» акционері Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянмен кездесу өткізіп, онда ол Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның аймақтағы басты экономикалық және сауда серіктесі екенін, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен бүгінгі келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде уағдаластыққа келгенін, сондай-ақ маңызды келісімдерге қол қойғанын жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен БАӘ үкіметтері қабылдаған Стратегиялық инвестициялық жобалар жасау туралы бірлескен декларация екіжақты серіктестікті нығайтуға тың серпін береді.

Президент инвестициялық іс-әрекеттің басымдығына назар аударып, қабылданған Декларация аясында шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянның компаниялар тобын бірқатар жобаны жүзеге асыруға шақырды. Өз кезегінде Абу Даби әмірлігінің билік басындағы әулетінің аға өкілі Қазақстандағы жобаларға инвестиция құю жөніндегі жоспарын айтты.

Мемлекет басшысының Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахимен кездесуінде энергетика саласындағы бірлескен жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды. ҚР Энергетика министрлігі мен KIDF қоры және Masdar компанияcы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес, Түркістан және Жамбыл облыстарында қуаттылығы 1 ГВт жел электр станциясын салу жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Екі ел арасындағы серіктестік кеңейе бермек

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан – БАӘ инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен БАӘ арасындағы іскерлік ынтымақтастықты одан әрі нығайта алатын негізгі бағыттарды атап өтті. Оның айтуынша, біздің еліміз ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікке үлкен үміт артып отыр. Қазақстан органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, оны БАӘ нарығына жеткізуге дайын. Мемлекет басшысы Әмірліктердің Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп жатқан және басқа да кәсіпорындарын тамақ өнеркәсібіне инвестиция салуға шақырды.

Президенттің пікірінше, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақты, Орталық Азия мен Қытайды қоса алғанда, миллиардтан астам тұтынушысы бар нарықтарға тікелей шығатын қақпа саналады.

– Қазақстан – сапалы жолдарға мұқтаж үлкен мемлекет. Көршілерімізбен және Еуропалық Одақпен бірлесе отырып, «Цифрлық көлік дәлізін» құру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – кедергілердің бәрін жою және Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік бағыттарын қауіпсіз түрде байланыстыру, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Астанадағы «Абу-Даби Плаза» құрылысының толық аяқталғанын күтетінін айтты. Орталық Азиядағы ең биік саналатын бұл ғимарат елордамыздың ғана емес, Қазақстан мен БАӘ серіктестігінің символына айналады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Орталық Азия аймағында технологиялық хабқа айналуға ұмтылады. БҰҰ-ның бағалауына сәйкес Қазақстан электронды үкіметті дамыту жөнінен әлемде 28-орында, ал онлайн қызмет көрсетуден 8-орында тұр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы әлемдік деңгейдегі қуатты қаржы секторын құруда Қазақстан белсенді жұмыс істеп жатқанын да жеткізді. Сөз соңында Президент екі ел арасындағы экономикалық серіктестік барлық салада әртараптанып, кеңейе беретініне сенім білдірді.

Айта кетейік, 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, Қазақстанда БАӘ заңды тұлғаларының қатысуымен 273 компания жұмыс істейді. Оның 252-сі шағын кәсіпорындарға тиесілі. Сонымен бірге былтырғы қараша айының соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданғанын атап өту керек. Бұл келісім инвестициялық жағдайды дамытуға және елдер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етпек.

 

 

 

Дереккөз: inform.kz