Қазақстанда алғаш рет, оның ішінде ару Алматыда ALMATY CIRCUS FESTIVAL I-ші Халықаралық цирк өнері фестивалі үлкен табыспен өтті. Бұл мәдени шара биылғы жаздың ең жарқын оқиғасы болды. Көрермендер алдында тек Қазақстаннан ғана емес, Германия, Вьетнам, Эфиопия, Якутия, Украина, Беларусь, Ресей, Ұлыбритания, Литва, Чехия, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген әртістер өнер көрсетті. Қазақстандық әртістер »Құрмет» орденінің иегері Қанатбек Күнғожинов жетекшілік еткен «Nomad» атты акробатикалық нөмірді – керемет цирк спектаклін ұсынды. Бұл нөмірдің бірегейлігін қазақстандық аудитория да, шетелдік әртістер де жоғары бағалады. Нәтижесінде отандық әртістер Гран-при мен күміс жүлдені (Адлет Тикановтың жетекшілігімен »Қос діңгектегі акробаттар» нөмірі бар «Hassak» тобы) жеңіп алып, өздерін бүкіл әлемге танытты, ал шетелдік қатысушылар өздері үшін Қазақстан мен қазақстандық көрерменді ашты.
Алтын жүлдені Вьетнамнан («Moment Of Love» нөмірі бар әуе гимнасттары) және Ресей Федерациясынан (Роман Романовтың жетекшілігімен Якутиядан келген жонглерлер триосы және Сергей Сопрыкиннің жетекшілігімен тақтайшалардағы акробаттар) келген цирк әртістері иеленсе, Қазақстандық өнерпаздардан өзге күміс жүлдені Өзбекстандық циркшілер (Рустам Хаметовтың жетекшілігімен арқанмен жүретін »Перғауын» нөмірі) және Вьетнамдық әртістер (Чу Тхи Хан Хуен »қылышпен әуе тепе-теңдігі«, жетекшісі Тонг Тоан Танг) иеленді, ал қола жүлдемен Германиядан,(турниктегі акробаттар Сергей және Ольга Рокашковтар), Беларусьтан (Егор Коваленко), Тәжікстаннан (»Арий тәжі» - Алмасхон Ильясовтың басшылығымен перштердегі эквилибристер) және Литвадан (Алексей Теслин) келген әртістер марапатталды. Барлық қатысушылар ртүрлі жанрдағы қызықты бірегей нөмірлерді ұсынды.
Нөмірлердің әрқайсысы цирк фестивальдеріне баға берудің халықаралық жүйесі бойынша бағаланды. Қазылар алқасы екі параметр бойынша 0-ден 10-ға дейін ұпай берді: 10 ұпай – шеберлік үшін ең жоғары ұпай, ал қалған 10 ұпай-шеберлік, сұлулық және эстетика үшін ең жоғары ұпай. Бір жюриден әртістің алатын ең жоғары баллы – 20 балл. Бұл бағалау жүйесі барлық әлемдік цирк алаңдарында қолданылады. Ең көп ұпай жинаған әртіс Гран-при жеңіп алады. Сондай-ақ, фестивальде үш жүлделі орын белгіленді (бірінші, екінші және үшінші). Ал шетелдік цирк алаңдарында қосымша номинациялар бойынша арнайы сыйлықтар дайындалды.
Қазылар алқасының құрамына халықаралық цирк алаңдарының өкілдері енді. Ал фестивальдің бас режиссері Ресейден арнайы шақырылған сарапшы,Удмурт Республикасының Халық әртісі Елена Петрикова болды.
«Бұл – Алматы қаласында әкімдіктің қолдауымен өткен алғашқы Фестиваль және бұл - Алматы мен Қазақстан үшін өте үлкен қадам және үлкен жетістік. Фестивальге қазылық етуге цирк өнерінің асқан дарындары, әлемдік цирк өнерінің көрнекті қайраткерлері шақырылды. Сондай-ақ ғажап цирк нөмірлері ұсынылды. Мен жүлдегерлерді таңдауға қатысқан жоқпын, бұл Қазақ мемлекеттік циркі командасының еңбегі«, - деді Елена Петрикова.
Almaty CIRCUS FESTIVAL қатысуға өтінімдерді қабылдаудың алғашқы күндерінде әлемнің түкпір-түкпірінен керемет өтінімдер түсті. Жоба режиссерлерінің алдында күрделі таңдау болды. Қазақ мемлекеттік циркінің бас режиссері Марина Маратқызы фестивальге қатысушыларды таңдағанда, бірінші кезекте режиссерлік топ олардың шеберлігіне, әртістігіне, жаңалығына назар аударды. Бұрындары Алматыдағы цирк манежінде ұсынылмаған нөмірлер таңдалды.
Айта кетерлігі, қазылар алқасы фестивальді ұйымдастырудың сапасын да ерекше бағалады. Цирк шоуларының қоюшы-режиссері Антонио Джароланың айтуынша, ғимараттың инфрақұрылымы мен манежі цирк әртістері үшін барлық халықаралық талаптарға сәйкес болды.
«Біз Қазақстанда болғанымызға және осындай үлкен шоуды тамашалағанымызға қуаныштымыз. Цирк ғимаратының архитектурасының өзі ерекше және біз үшін осындай маңызды тарихи аренада өнер көрсету үлкен мәртебе. Техникалық қамтамасыз ету, жарық және дыбыстық жабдықтар басқа әлемдік алаңдардан кем түспеді. Мұндай фестивальдар өте маңызды! Олар әртістерге шеберлікті көрсетіп қана қоймай, бай мәдениетпен алмасуға ықпал етеді«, - деді Антонио Джиарола.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі