Бөгеттің кесірінен адамдар сағаттап кептелісте тұрып, аулаға кіргендер шыға алмай, шыққандар кіре алмай қалған.
Алматыдағы тұрғын үйдің бірінде жекеменшік компания кіреберіс жолды жауып, ондағы жұртты әлекке салды. Бөгеттің кесірінен адамдар сағаттап кептелісте тұрып, аулаға кіргендер шыға алмай, шыққандар кіре алмай қалған. Ал басы дауға қалған мекеме негізгі жол түскен аумақ өздеріне тиесілі екенін алға тартады.
Тұрғын үй кешеніне кіретін негізгі жолдың жабылуы аула былай тұрсын, тас жолдағы көлік қозғалысына кедергі болды. Ұзын сонар кептеліс кесірінен, мұндағы жұрт, жұмыстан да қалдық дейді. Тұрғындар бұған жекеменшік компанияны кінәлайды. Себебі олар халық баспана алғалы кіріп-шығып жүрген жолды еш ескертусіз жауып тастаған көрінеді.
«Ұшып кіреміз бе? Қалай кіреміз біз? Ешқандай ескерту болмады. Мысалы, жедел жәрдем де, полиция қызметкерлері де кіре алмайды. Бүкіл бала-шаға, барлық тұрғын осы жолмен өтеді, кіреді. Ал көліктер тіпті Алатау көшесінің бойында қалып қояды«, – деді қала тұрғыны Әсел Теңізбаева.
«Ары өте алмайсың, не бері өте алмайсың. Қаншама халық келеді ол жерге. Мынаны қазір уақытша аламыз дейді. Мүлдем алып тастасын. Болды. Әйтпесе халық көтеріледі. Осыншама тұрғын«, – деді қала тұрғыны Ерболат Бегманов.
Баспанаға апарар жолы жабылған жұрттың базынасын тыңдауға келген әкімдік өкілінің сөзінше, компанияның мұндай әрекетке баруы заңсыз.
«Астер Авто деген мекеме. Енді бұл мекеменің айтуы бойынша, бұл жер солардың меншігінде. Бұлардың жерінде осы кіреберіс жол ұйымдастырылды. Бірақ бұл мәселені біз зерттейміз. Құжаттарын көтереміз«, – деді Наурызбай ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Нұрбол Бейсеков.
Тұрғындардың уәжінен кейін жолды жауып тастаған жекеменшіктер зілдей тасты алып тастап жатыр. Алайда халық бұған сенбейді, уақытша дейді. Ал әкімдік өкілдері болса, тексеру жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғана біржақты шешім шығатынын айтады.
Мекеме заңгері болса, үйлерді салған құрылыс компаниясына жерді сату туралы ұсыныстар жасалған дейді.
«Бұған дейін »Қазақстрой» компаниясының басшылығына байланысқа шықтық. Жол түскен аумақты сатып алуды ұсындық. Өкінішке орай, кері байланыс болмады. Егер аумақты сатып алуға немесе мәселені даусыз шешуге ұсыныс болса, біз дайынбыз«, – деді Aster Auto компаниясының заңгері Ботагөз Айтмағамбетова.
Ал құрылыс компаниясы мекеме қойған талаптарды негізсіз деп санайды.
«Әр құрылыс негізінде Алматының бекітілген бас жоспарына сәйкес салынады. Қазір кіріп-шығып жатқан жер негізгі жолға арналған жер. Соған сәйкес біз жоба жасадық, соған сәйкес мемлекеттік сараптама өттік. Біреудің жерінде ондайды салуға рұқсат бермейді ғой. Бәрі заң аясында істелген шаруа«, – деді Qazaq Stroy компаниясының сәулетшісі Кәдірберген Құлтасов.
Құрылыс компаниясы »мәселенің ақ-қарасы анықталмай жатып әрекетке бару заңсыз» десе, жекеменшік мекеме өкілдері »дүрбелең тудырмас үшін, халық жолына бөгет қоймаймыз» деп сендірді. Бір мәмілеге келе алмай жүрген қос тарап істі енді сот арқылы шешпек.
Дереккөз: Almaty.tv.