Наурыз мейрамына арналған мерекелік концерттерді 300 мыңға жуық адам көрді

26.03.2024

 

Алматы тұрғындары мен қонақтарына Димаш Құдайберген, «Алашұлы», Ulytau тобы, «Дос-Мұқасан» ансамблі, Ерке Есмахан, Мөлдір Әуелбекова, Қайрат Нұртас, Қаракат Әбілдина, Дильназ Ахмадиева, Ерлан Рысқали, Тамара Асар, Айгүл Елшібаева, «Жігіттер» тобы, AYAFUNK, ALPHA, Akha, Yenlik және басқа да көптеген танымал орындаушы өнер көрсетті.

Сонымен қатар, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының, Мемлекеттік қуыршақ театрының, Қазақ мемлекеттік циркінің, сондай-ақ «Алматы әуендері» және «Сазген сазы»фольклорлық-этнографиялық оркестрінің, «Салтанат«, «Шаттық», «Жетісу», «Бақыт» би ансамбльдерінің артистері және т.б. өнерін паш етті. Жалпы, ашық аспан астындағы сахнада мыңнан астам артист өнер көрсетті.

Жаңбырлы ауа-райына қарамастан, көрермендердің көңіл-күйі көтеріңкі болды. Мегаполис тұрғындары мен қонақтары танымал ұжымдар мен орындаушылардың өнерін ыстық ықыласпен қарсы алды. Оpen air форматында өткен Наурыз мейрамындағы концерттерді 300 мыңға жуық адам көрді.

Айтпақшы, Наурызнама кезеңінде алматылықтар мен мегаполис қонақтарына 500-ден астам түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды: қолөнершілер мен қолданбалы өнер көрмелері, кітап жәрмеңкесі, қойылымдар мен концерттер, қайырымдылық іс-шаралар, жастар фестивальдері, заманауи дизайндағы ұлттық киім, зияткерлік ойындар мен спорттық жарыстар ұлттық спорт түрлері. Сондай-ақ, қаланың әр ауданында тақырыптық іс-шаралар мен концерттер өткізілді.

Айта кетейік, Астана алаңында басты мерекелік іс-шара өткізіліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Наурыз майрамымен құттықтады.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі