Жұмыстар осы жылдың сәуір айында басталып, жыл соңына дейін аяқталады.
Бүгін Алматы қаласының әкімі Медеу ауданы тұрғындарымен кездесіп жатыр. Кездесу барысында тұрғындарды сапалы сумен және кәрізбен қамту өзекті мәселенің бірі болып отырғанын айтты.
2014 жылы Медеу ауданына Алматы облысы Талғар ауданының аумағы қосылған болатын. Бұл – бұрынғы ауылдар, ал қазір қаламыздың шағынаудандары. Осы шағынаудандардың тұрғынын сапалы сумен және кәрізбен қамту өзекті мәселенің бірі болып отыр.
Ерболат Досаевтың айтуынша, 2022 жылы 5,4 км сумен қамту (4,2 км) және канализация желісі (1,2 км) салынып, реконструкцияланды. 2023 жылы жұмыстар көлемі едәуір ұлғайып, 64,7 км су құбыры (16,9 км) және кәріз желісін (47,8 км) салу жоспарланған.
Нәтижесінде осы жылдың соңына дейін «Көлсай», «Кеңсай», «Сұлусай», «Компот», «Мұзтау» шағынаудандарының және Халиулин көшесінің, яғни ауданның 19 мыңнан астам тұрғыны сапалы сумен және кәрізбен қамтылады. Бұдан басқа, «Думан» шағынауданында 14 км су құбыры мен кәріз желісін салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
«Өткен жылдың тамыз айында «Каменское плато» шағынауданында су құдығындағы су деңгейін өлшедік, ол су құдығы дебетінің 2,5 есе төмендегенін көрсетті. Осы мәселені шешу үшін менің тапсырмаммен 4 жаңа су көзін салып, «Балқаш» резервуарлары мен сорғы станциясын толық реконструкциялау жобасы әзірленуде. Бұл «Каменское плато», «Көлсай», «Мұзтау» және «Юбилейный» шағынаудандарын тұрақты сумен қамтуға мүмкіндік береді. 3 млрд 568 млн теңге мөлшерінде қаражат бөлінді, жұмыстар осы жылдың сәуір айында басталып, жыл соңына дейін аяқталады», – деді қала әкімі Ерболат Досаев.
Сонымен қатар, бұл жұмыстар аяқталғанға дейін «Алматы су» мен аудан әкімдігі осы шағынаудандардың тұрғынын қосымша тасымалды сумен қамтамасыз ететін болады.
Дереккөз: Almaty.tv.