Музей қызметкерлері Парижде біліктілікті арттыру курстарынан өтті

12.01.2024

Алматы әкімдігіне қарасты музейлерде жұмыс істейтін мамандар алғаш рет Францияға барып, кәсіби біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Бірегей мүмкіндікке ие болған қызметкерлер сала өкілдерімен Brainstorm форматында кездесу ұйымдастырды. Оған Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев та қатысты.

Париждің жетекші музейлерінде әкімдіктің қолдауымен білім алған мамандар цифрлық технологияларды интеграциялау, әлеуметтік желідегі белсенділікті дамыту, келушілерді қабылдау және олармен жұмысты заманауи форматта жүргізу, ішкі ресурстарды дамыту мәселелеріне қатысты идеяларды талқылап, ортақ жоспарлар құрды.

«Қала әкімі Ерболат Асқарбекұлы музей қызметкерлерінің кез келген бастамасын қолдауға дайын. Биыл да сала мамандары шет елдердегі жетекші музейлердің базасында өз білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасуы үшін әкімдік тарапынан қолдау көрсетіледі. Ең бастысы, белсенді жұмыс істеп, KPI-ды орындауы қажет», - деді Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбыев.

Айта кетейік, өткен жылы Алматы әкімдігіне қарасты музейлерге 140 мыңнан астам адам келген, ал билеттер сатылымынан шамамен 60 миллион теңге табыс түсті.

Музейлер бірлестігі алдағы уақытта келушілермен жұмысты жаңа деңгейге көтеріп, әлемнің жетекші елдерінде қолданылатын үздік методикаларды қаламыздағы музейлердің күнделікті қызметіне енгізуге мүдделі.

 

 

 

Дереккөз: Алматы қаласының мәдениет басқармасы