Коронавирусқа шалдыққандардың 60 пайыздан астамы үш аймақта тіркелген. Ол туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.
Атап өтсек, елордада ауру 32 есе, Алматыда 8 есе, Қарағанды облысында сырқаттану 9 есе өскен. Сонымен қатар Ажар Ғиният вакциналау деңгейі төмен өңірлерді атады. Қазіргі таңда елімізде 1-компонентпен 9,5 млн-нан астам адам егілген. Екінші компонентпен 8,8 млн-нан астам адам қамтылған.
«Еліміздің үш өңірінде ШҚО, Жамбыл, Түркістан облыстарында егілуге тиісті халықтың 100 пайыздан астамы бірінші компонентпен қамтылған. Еліміздің төрт өңірінде – Шымкент, Алматы қалаларында, Қызылорда облысында, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында егілуге тиісті халықтың 75 пайыздан астамы егілген. Жеті өңірде вакцинациямен қамту деңгейі 60 пайыздан 72 пайызға дейін, Маңғыстау және Қостанай облыстарында 60 пайыздан төмен болып отыр», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Елде COVID-19 стационарларында ем алатын науқастардың саны 2,2 есе артқан. Дегенмен бас дәрігердің атап өтуінше, коронавирустың омикрон штамымен ауыру көп жағдайда жеңіл және симптомсыз өтеді. Аурулардың 80 пайызы амбулаториялық ем алып жатқан көрінеді. Бұл ретте Учаскелік медицина қызметкерлеріне коронавирус ауруларын үйде емдегені үшін 3 базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде қосымша ақы төленеді. Ал аурудың алдын алу үшін шетелден келгендерден індет жұқтырмағанын растайтын ПТР-тест талап етіледі.
«Эпидемиологиялық жағдайдың күрделілігін, «омикрон» штамының тез көбеюін ескере отырып, бірқатар шектеу шаралары күшейтілді. ҚР мемлекеттік шекарасын кесіп өту пунктілерінде вакцинация мәртебесіне қарамастан, шетелден келгендердің бәрінде міндетті түрде теріс ПТР-тест болуы талап етіледі. Ashyq бойынша «жасыл» мәртебе болған жағдайда ғана қызметіне рұқсат етілген нысандардың тізбесі кеңейтілді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Дереккөз: Almaty.tv.