Қолөнер бұйымдарына сұраныс көп, тұтынушы талғамы да артқан – кәсіпкер

22.07.2022

Биыл 93 жоба әкімдік тарапынан қаржыландырылған.

Соңғы жылдары үйде отырып, жеке кәсіппен айналысатын алматылықтар көбейген. «Qoldau» орталығынан қолдау тапқан кәсіпкерлердің қала қазынасына салған салығы 40 пайызға артыпты. Биыл 93 жоба әкімдік тарапынан қаржыландырылған.

Үш баланың анасы қолы қалт етсе болды алған тапсырыстарын тігіп, ісін жүргізеді. Өз жолын қолөнерден тапқан кәсіпкер ұлттық нақыштағы бұйымдар жасаумен қатар қазір мыңнан аса адамға бар білгенін үйретіп жүр.

Қазір қыз келіншектер арасында тақиялар сәнде. Фатима Қожагелдиева оны өзінің авторлық идеясы арқылы кестелеп өзгеше әрлеген. Мұндай әдемі бұйымды шығарудың өзі білік пен мол тәжірибені талап етеді. Оны үстіне қазір қолөнер бұйымдарына деген сұраныс көп, тұтынушы талғамы да артқан. 50-ден аса бұйым жасауды білетін кәсіпкер саланы әрі қарай да дамытуды ойлайды.

«Бизнес бастау» бағдарламасына жобасын ұсынып, қайтарымсыз 505 мың теңге алған.

«Жобамды қорғадым, осы столды, тігін машинасын алдым. Қазіргі кезде бөлініп жатқан жаңа гранттарға да қатысып көргім келеді. Грант негізінде жаңа идеяға беріп жатыр ғой. Сол себепті қазір мен өзімді дамытып, дайын болған кезде қатысып көремін», – деді кәсіпкер Фатима Қожагелдиева.

Фатима сияқты Арайлым Қырғызбекова да балабақша ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепке дейінгі мекемені 5 жыл бұрын ашқан. Биыл Алматы микроқаржы орталығы арқылы 9 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған.

«Ақша жалдау құнын өтеді. Балалар аз болғандықтан, бір ай жұмыс болмай қалды, жұмысшыларға айлық төлеу керек болды. Соның бәрін есептеп 6 пайызбен алдым. Қазір тағы бір балабақша ашуды жоспарлап отырмын», – деді кәсіпкер Арайлым Қырғызбекова.

Алматыда өз ісін бастап, дамытатын кәсіпкерлер саны артқан. Соңғы жылдары «Qoldau» кәсіпкерлік орталығында қолдау алған бизнес өкілдерінің қала қазынасына беретін салығы 40 пайызға өсіпті. Биыл «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 93 жобаны жүзеге асыру үшін 190 млн қаржы бөлінді. Гранттар қайтарымсыз негізде 5 млн теңгеге дейін беріледі. Көбіне тігін цехін ашу, өндіріс саласын дамыту, құрылыс материалдарын шығару сияқты жобалар мақұлданыпты.

«Qoldau» кәсіпкерлік орталығында жыл басынан бері 45 мыңға жуық консультация өткізілді. 80-ге жуық жобаны консультант кеңес беріп,қаржыландыруға дейін бағыт беріп отырды. Қаржыландыру сомасы 35,8 млрд теңгені құрайды», – деді «Qoldau» кәсіпкерлік орталығы бас директорының міндетін атқарушы Қалибек Ақылбеков.

Сондай-ақ орталықта арнайы оқу платформалары бар. Сол арқылы 4 мыңдай кәсіпкер бизнес біліктілігін арттырған.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.