Қазақстанда «7-20-25» орнына жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылмақ

05.07.2022

Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шалапаев айтты.

Көптеген қазақстандықтарға баспаналы болуға септігін тигізген «7-20-25» бағдарламасы тоқтатылады.

«Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің басқарма төрағасының айтуынша, жаңа ипотекалық бағдарлама бойынша келесідей талаптар ұсынылады.

«Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде мынадай базалық шарттар ұсынылып отыр. Ол ұсыныстар мынадай: бастапқы жарна 20 пайыздан басталатын; кредит беру мерзімі 20 жылға дейін болатын; қарыздың ең жоғарғы сомасы 35 млн теңгеге дейін жететін; төлем қабілеттілігін растау. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі деңгейінен 5 пайыздан аспайтын сыйақы өлшерлемесінің 7% субсидияланады», – деді «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шалапаев.

Баспанаға мұқтаж азаматтардың орталықтандырылған есебі жасалмақшы. Бұл жаңашылдық халықтың тұрғын үй алу рәсімін оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтардың барлық санаттары арасында тұрғын үйді әділ бөлудің бірыңғай тетігін енгізуге мүмкіндік бермек.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында тұрғын үй саясатын реформалау мәселесі бойынша заң жобасы әзірленді. Заң жобасы шеңберінде тұрғын үй саясатын тұтастай реформалау және оны екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығара отырып, «Отбасы банкін» ұлттық даму институты етіп қайта құру ұсынылады. Сондай-ақ «Отбасы банкінің» базасында «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарланған», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Сонымен қатар, елімізде арендалық тұрғын үйді сатып алуда бірқатар қиындықтар туындап жатыр. Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған жалдамалы пәтер сатып алуға салынған тыйымның заңнамаға қайшы тұстарын реттеуді тапсырды.

«Нұрлы жер» бағдарламасы мен тұрғын үй қатынастары туралы заң нормалары бойынша азаматтардың сұрағы бар. Мысалы, мемлекеттік бағдарлама бойынша арендалық тұрғын үй алған адамдарға оны сатып алуға рұқсат берілмейді. Ал заң бойынша коммуналдық үйді сатып алуға тыйым салынбаған. Бұл жерде норма қайшылығы туындап тұрған жоқ па? Мәселе қалай шешіледі», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бұл мәселе бойынша 2017 жылға дейін жалға берілетін үйлерді сатып алуға рұқсат етілгенін айтты. Ал қазір заң жобасы Парламентте талқыланып жатқанын жеткізді.  5 айдың қорытындысы бойынша еліміздің 3 өңірінде өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткішінің төмендегені байқалады. Бұл – Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысы.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.