Жергілікті билікке газ құю бекеттеріне сұйытылған газды теңдей бөлу функциясы жүктелді.
Қазақстанда газ бағасы мемлекет тарапынан реттеледі. Тиісті заң жобасын бүгін Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта «жергілікті атқарушы органдардың облыс ішінде газ лимитін бөлуге жауапкершілігі күшейтіледі» деп жазылған.
Мәжіліс отырысы жақында ғана «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы болып тағайындалған Елнұр Бейсембаевты шығарып салудан басталды.
Бүгін мәжілісмендер сұйытылған газ айналымын реттеу процестерін оңтайландыру мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Яғни, енді газ бағасы мемлекет тарапынан реттеледі. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, көгілдір отын бағасының тұрақсыздығы, көлеңкелі экспорттың кесірінен елде газ тапшылығы болды. Сондықтан, осы заңды қабылдау аса маңызды деп есептейді.
«Былтыр қаңтардағы шеру осы газ бағасының қымбаттауына байланысты шыққан еді. Арты неге әкеліп соққанын бәріміз білеміз. Аталған заң жобасы сұйытылған газ нарығындағы барлық процесті барынша автоматтандыруға және цифрландыруға бағытталған. Құжатта жанар-жағармай құю стансаларының, газ толтыру пункттерінің және функционалдық мүмкіндігі нақтыланды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың облыс ішінде газ лимитін бөлуге жауапкершілігі күшейтілді», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева.
Яғни, заң жобасына қарағанда енді көтерме сауда мен бөлшек саудада газ бағасын Энергетика министрлігі қадағалайды. Ал жергілікті билікке газ құю бекеттеріне сұйытылған газды теңдей бөлу функциясы жүктелді.
«Арнайы жүйеленген жиынтық бізге енді жіберілмейтін болады. Біз өндіріске байланысты оларға сұйытылған газдың көлемін беріп, одан кейінгі бөлігі әкімшіліктер өздері жүргізетін болады», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов.
2022 жылдың қараша айының соңында Қазақстан, Өзбекстан және Ресей үшеуі бірігіп, «Үштік газ одағын» құру мәселесі қаралып жатыр деген ақпарат тараған еді. Алайда көп айтылмады. Бүгін Премьер-министр Әлихан Смайыловтан журналистер осы одақ туралы сұрады. Үкімет басшысының айтуынша, ресми ұсыныстар түскен жоқ. Қазір Ресей Федерациясымен газ жеткізу саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты келіссөздер жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Дереккөз: Almaty.tv.