«Қарғалы» су жинағышы келесі жылы іске қосылады. Бұл туралы Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде Ерболат Досаев мәлім етті.
Қала басшысының айтуынша, аудандағы өткір мәселенің бірі – ауыз сумен қамтамасыз ету. «Қарғалы» су жинағышының құрылысы аяқталуға жақын, енді «Ақсай» су жинау қабылдағышының құрылысы басталды. «Қарғалы» бойынша жұмыс 80%-ға бітті. Іле Алатау ұлттық саябағы аумағында қосымша рұқсат алуға байланысты құрылыс уақытша тоқтатылған болатын. Қазір ол жұмыс қайта жанданды. Нысан 2023 жылдың 3-тоқсанында пайдалануға беріледі»,- деді ол.
Сонымен қатар, «Ақсай» су жинағышына қаржы бөлінгенін атап өтті. Мердігер анықталды, құрылыс басталды. 2025 жылғы 3-тоқсанда аяқтау жоспарланған. Су құбыры және кәріз желілерін жобалау мен салу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде 5 шағын ауданда (Жайлау, Қарғалы, Құрамыс, Тастыбұлақ, Таужолы) 195 шақырым су құбыры және кәріз желілері тартылды.
3 шағын аудан (Ақжар, Таусамалы, Шұғыла) бойынша жоспарланған 30 шақырым су құбыры және кәріз желісінің 19 шақырымы тартылды. Қалған 11 шақырым 2023 жылдың ортасына қарай аяқталады.
Сонымен бірге, 3 шағын ауданда (Қарағайлы, Ақжар, Тастыбұлақ) ұзындығы 135 шақырым су құбыры және 132 шақырым кәріз желілерінің ЖСҚ әзірленуде. Құрылыс келесі жылы басталады.
Жазғы уақытта «Ақсай» жобасын іске асыру барысында Алматы жерасты суы кен орнының қорынан тіршілік нәрін алатын сорғы станциясы бар магистральдық су таратқышы салынады.
Дереккөз: inform.kz