Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен 1491 шағын кәсіпкер өтемақы алды

19.04.2022

Шағын кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді.

Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен 1491 шағын кәсіпкер өтемақы алды. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтты.

Бүгінде бұл субъектілерге жалпы сомасы 8,3 млрд теңге берілген. Үкімет отырысында Шағын кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленгені айтылды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға арналған стратегиясы аясында салада жұмыс істейтіндердің санын 5 млн адамға жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 40 пайызға, ал орташа компаниялардың үлесін 20 пайызға дейін арттыру мақсаты тұр. Бұл ретте бәсекеге қабілетті кәсіпкерлерді қолдау күшейеді.

«Қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін тұжырымдамада мыналар жоспарланған: нарықтың жекелеген қатысушыларына әділетсіздік танытатын барлық заңнамалық және реттеуші актінің күшін жою, ШОК үшін реттеуші кедергілерді қысқарту, жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған бизнес үшін сапалы өнеркәсіптік, инновациялық және креативті инфрақұрылымның артық ұсынысын жасауды ынталандыру», – деді ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Тимур Жақсылықов.

Президент бизнес субъектілерін мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесінде адами факторға жол бермей, оны толық автоматтандыруды осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырған болатын. Аталған жүйені тексеру нәтижесінде 93 бақылау саласының 24-і ғана, 18 қадағалау саласының екеуі ғана автоматтандырылғаны анықталған.

«Бұл бақылау және қадағалау органдарын бизнестің проблемалық субъектілеріне шоғырландыруға және оларды ретке келтіруге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономикалық шындық жағдайында іскерлік белсенділікті дамытуға серпін береді», – деді ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Тимур Жақсылықов.

Сонымен қатар Үкімет «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы» аясында кәсіпкерлікті қолдау шарасын жалғастырады. Бүгінде бизнесті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба бекітіліп, кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері туралы Заң қабылданды.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.