28.12.2022

Оқиғаның нәтиежесінде екі мыңнан астам кәсіпкер жапа шекті.

Қаңтардағы бейберекетте зардап шеккен алматылық кәсіпкерлердің шығыны толық өтелді. Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлікті басқару және инвестициялар басқармасындағылар мәлімдеді.

Шетелден тауар алып сататын кәсіпкер Диана Айдархан қаңтардағы бейберекет кезінде шығынға батқанын айтады. Сөзінше, бұзақылар кеңсесінің есігін қиратып, қымбат электронды тауарларын ұрлап кетіпті. Мәселен, мына кадрлер бесінші қаңтар күні жұмыс орнында түсірілген. Сөрелердің қаңырап босап, қораптарының шашылып жатқанын аңғаруға болады.

«Бес миллионнан астам шығын келді. Тізімді толықтырғаннан соң бір аптаның ішінде  шығынды төлеп берді. Мемлекет бізге толығымен көмектесті. Басқа жеке кәсіпкерлерден көмек сұраған жоқпыз», – деді кәсіпкер Диана Айдархан.

Ал кәсіпкерлер палатасы зардап шеккен кәсіп иелеріне сол кезде жан-жақты қолдаудың да қажет болғанын айтады. Шығын өтелуі үшін бірінші кезекте құжаттарды ретке келтіру қажет болды.

«Ең көп зардап шеккен сауда үйлері, сауда үйлерінің ішіндегі шағын және микробизнес. Көбінесе сату аймағы. Бүгінгі таңда комиссия шешімімен 1639 жеке кәсіпкерге толықтай төлемақы төленіп болды», – деді Кәсіпкерлікті басқару және инвестициялар басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Нұрқасымов.

«Бұл оқиғаның нәтиежесінде екі мыңнан астам кәсіпкер жапа шекті. Қиын жағдайға ұшырады. Алайда Президенттің тапсырмасымен шығынды қайтаруды ұйғардық. Аранайы ереже құрылды», – деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.

Президент Қасым Жомарт Тоқаев қаңтардағы бүліктен соң шағын және орта бизнеске қолдау білдіру керегін айтып, арнайы тапсырма берген болатын.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.