ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Алматыда көтерме-тарату орталықтары құрылады

01.10.2021

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тазабек мәлімдеді. Еске салсақ, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында жергілікті атқарушы органдарға өндірушілердің тізбегі бойынша бағаларды бақылауды қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

«Ағымдағы жылдың қараша айында Алматы индустриялық аймағының маңында 17 гектар алаңда «Ұлттық сауда-тарату желісі» ЖШС тарату орталығының құрылысын бастау жоспарланған. Пайдалануға беру 2023 жылдың басында күтілуде. Жеке инвестор жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырады. КТО-ның бұл жобасы бүкіл ел бойынша 24 көтерме-тарату орталықтарынан тұратын ұлттық тауар өткізу жүйесін құру жөніндегі жобаның құрамдас бөлігі болып табылады», - деп хабарлады Д. Тазабек.

Жоба аясында инвестиция сомасы 35 млрд теңгені құрайды. Бұл суармалы жерлерде өсірілетін өнім көлемін ұлғайтуды қоса алғанда, жеміс-көкөніс өнімдері өндірісінің өсуінің негізгі факторы болады деп күтілуде. Бұл ретте азық-түлікті сақтаудың, сатудың және бөлудің жаңа технологиясы құрылатын болады. Көтерме сауда орталықтары өнімді сақтау мен өңдеуден бастап тарату мен сатуға дейін мамандандырылған қызметтерді ұсынады.

Бүгінде бас мердігермен бірге жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптамадан өтті.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі