Жастарды жұмысқа орналастыру: Президенттің Сайлауалды бағдарламасы қалай жүзеге асырылады

20.11.2023

Онда Мемлекет басшысы жаңа тарихи кезеңдегі республиканың негізгі даму бағыттарын белгілеп берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын ұсынғанына бір жыл өтті.

Онда Мемлекет басшысы жаңа тарихи кезеңдегі республиканың негізгі даму бағыттарын белгілеп берді.

Атап айтқанда, құжатта экономика, әлеуметтік сала және өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер жөніндегі жоспарлар айқындалған.

«Алдағы реформалар халықтың мұң-мұқтажына тиімді жауап болмақ, сонымен бірге сыртқы сын-қатерлерге қарсы тұрақтылығымызды күшейтпек», — делінген Сайлауалды бағдарламасында.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, басты мақсат – Қазақстанда әділеттілік орнату.

«Мемлекет монополияларды жояды, табыстың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Қолынан іс келетін еңбектенем деген әр азамат өзіне лайықты жұмыс табады. Көмекке мұқтаж кез келген азамат мемлекет пен қоғамнан қолдау көреді», — делінген бағдарламада.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көбейді. Осының арқасында әртүрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда барлық сала бойынша жұмыс істейтін шамамен 1,8 млн жалдамалы қызметкердің табысы өсті.

2029 жылға дейін 3,3 млн-нан астам азаматты жұмыспен қамту міндетін жүзеге асыру үшін 450 мың жаңа жұмыс орнын құру, оның ішінде жастарға арналған 200 мың жұмыс орнымен (44%-ын) қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Жұмысқа орналастыру ұлттық жобалар, кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары арқылы және т. б. арқылы жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы әкімдіктерде өңірлік жұмыспен қамту карталары бекітілді, оған сәйкес 911 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жыл басынан бері 847 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, оның 420 мыңнан астамы – жастар.

Уақытша жұмыссыз қалған азаматтарды қолдау жүйесі, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша төленетін әлеуметтік төлемдер көлемін кірістің 45%-ына дейін ұлғайту арқылы күшейтілді. Оны 1 қарашадағы жағдай бойынша 37,8 млрд теңге сомасына 172,3 мың адам алды.

Еңбек заңнамасын либеризациялау және жұмысқа алудың жаңа формаларын (қашықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс кестесі, жарты күндік жұмыс күні) дамыту мақсатында осы жылдың 1 шілдесінен бастап тиісті түзетулер енгізілді. Осылайша, ресми түрде келесі режимдер пайда болды: бірлескен жұмысқа орналасу, икемді жұмыс кестесі, тараптардың келісімі бойынша 4 күндік жұмыс аптасы (5 күндік немесе 6 күндік жұмыс аптасына кезектестіру құқығымен) және платформалық жұмыс.

Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарының қатарындағы, оның ішінде мүгедектігі бар кәсіпкерлерге 9 мыңнан астам грант (400 АЕК-ке дейін) берілді. Грант алу үшін business.enbek.kz порталы арқылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқуы қажет.

I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын отбасы мүшелеріне жеке көмекші ретінде еңбек ақысын төлеу және жұмыс уақытын еңбек өтіліне қосып тіркеу мүмкіндігі енгізілді.

ҚР азаматтарының мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған ішкі еңбек нарығын қорғау шараларын күшейту шеңберінде 2023 жылы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы өткен жылмен салыстырғанда 21,5%-ға қысқартылды.

ҚР Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды, ол жастарды әртүрлі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды кеңейту, жастар кәсіпкерлігін ынталандыру, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету және т. б. көздейді.

Биылғы 1 наурыздан бастап жас кәсіпкерлерге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жылдық 2,5%-бен шағын несие беру көзделген. 7,4 мың өтінім қабылданды, 24,1 млрд теңге сомасына 5,3 мыңнан астам шағын несие мақұлданды.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.