Жаңа амбулаторияның арқасында емдеу мекемесінде жүктеменің үштен бірі азаяды.
Ерболат Досаев Кемел шағынауданындағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимаратының дайындығын тексерді.
Кемел шағынауданындағы жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның қызметін 8 мың тұрғын пайдалана алады.
Алматы әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданын аралау барысында Кемел шағынауданындағы 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулаторияға барды. Қала басшысы пациенттерді қабылдауға арналған кабинеттерді, процедуралық және УДЗ кабинеттерін көрді.
Мегаполис басшысына қазіргі уақытта нысандағы барлық құрылыс-монтаж жұмысы аяқталғандығы туралы баяндалды. Инженерлік коммуникацияларға қосылу бойынша жұмыстар жүргізілгеннен кейін амбулатория жұмысын бастайды.
Жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулатория Кемел шағынауданының 8 мыңнан астам тұрғынын қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз етеді. Қазір олар Кемел шағынауданынан 3,5 шақырым жерде орналасқан Көкжиек шағынауданында қаралып жүр. Ал №21 қалалық емханаға 42 600 тұрғын тіркелген. Жаңа амбулаторияның арқасында емдеу мекемесінде жүктеменің үштен бірі азаяды.
№21 емхананың бас дәрігері Ерлан Құдабаев емдеу мекемесінде көмек көрсетудің жеделдігі дәрежесін ескере отырып, пациенттерді санаттарға бөлуді көздейтін триаж-жүйе енгізілгенін, цифрлық кезек, штат жоғары мамандандырылған дәрігерлермен жасақталғанын хабарлады. Бүгінде медицина қызметкерлерінің штаты қалыптасып, құрал-жабдық сатып алынды.
Ерболат Досаев пациенттерді қабылдауды бастау үшін жаңа амбулаторияны жабдықтау және коммуникацияларға қосу жұмыстарын тездетуді тапсырды.
Дереккөз: Almaty.tv.