07.09.2023

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесті.

Жыл соңына дейін Алматының Жетісу ауданында 22 шақырым жол жөнделеді. Бұл жоба 18 көшені қамтып отыр. Бүгін аудан азаматтарымен кездескен қала әкімі Ерболат Досаев аталған жұмыстың қазанға дейін аяқталатынын жеткізді. Сондай-ақ ауданындағы 100 километр су құбыры мен кәріз құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. 2019 жылы басталған сумен қамту және су бұру ісі негізгі екі тарихи-проблемалық жоба есебінде жүргізілген еді.

– Биыл маусымда ұзындығы 80 км сумен қамту және 71 км кәріз желілерін салу бойынша 2 ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды бастадық. Биыл 14 шақырым сумен қамту,18 шақырым су бұру желісі салынады, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Жылу маусымы басталар тұста Жетісу ауданындағы тозған желілерді модернизациялау да қолға алынды. Айнабұлақ-2 шағынауданына қарасты Қазыбаев, Серіков, Ангарская мен Мұқатай көшесіндегі ұзындығы 5,9 шақырым болатын жылу магистралі қалыпқа келмек. Жоспарға сәйкес, барлық жұмыс қыркүйек аяқталғанша бітуі тиіс. Ал аудандағы 2024 жылға дейін жылу желісі толығымен жаңарады. Аумақтағы әлеуметтік инфрақұрылым да назардан тыс қалмайды. Биыл Жетісу ауданындағы 3 мектепте 200 және 300 орындық жаңа корпус салынады. Қазанда 160 балаға арналған балабақша қолданысқа беріледі.

Айта кетейік, ауданда жасыл қорды сақтап, жайлы қалалық орта қалыптастыру мақсатында кешенді қызмет іске асып жатыр.

– Жауын-шашын кезінде су басатын учаскелер санын азайту үшін 27 учаскеде 26,5 км арық желісін қайта жөндеу жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда ұзындығы 10,5 км болатын 12 учаскеде жұмыс аяқталды, биылғы жылдың соңына дейін ұзындығы 3,1 км болатын тағы 4 учаске тапсырылады. Ал қалған 11 учаскедегі ұзындығы 12,9 км жөндеу жұмысы жалғасады, – деді Ерболат Досаев.

https://almaty.tv/kz/news/dgizn-megapolisa/0829-live-erbolat-dosaev-dgetisu-audany-turgyndarymen-kezdesip-dgatyr