Ерболат Досаев Алматы халықаралық әуежайдағы құрылыс барысын тексерді

16.02.2024

Жаңа терминалда Қазақстан авиациясының мұражайы болады.

Биыл Алматыға келетін шетелдік туристер саны 520 мыңға дейін ұлғаюы мүмкін. Оған халықаралық әуежайда салынып жатқан жаңа жолаушылар терминалының берілуі себеп болмақ. Күні кеше қала әкімі Ерболат Досаев ондағы құрылыс жұмысын тексерді.

Шаһар басшысы жолаушыларды тіркеу, жөнелту, багажды қабылдау сынды аймақтармен танысып шықты. Ал әуежай президенті Алп Ер Тунга Ерсойдың айтуынша, құрылыс жұмыстары 87%-ға аяқталған. 

– Досаев мырзаға жабдықтар мен инфрақұрылымды көрсеттік. Құрылыс барысы көңілінен шықты деп ойлаймын. Ескертулер айтылды, қабылдадық. Жаңа терминалдың телескопиялық баспалдақтары борттың көлеміне қарай бір мезетте 7 ұшаққа дейін қабылдауға мүмкіндік береді, – деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Алп Ер Тунга Ерсой.

Қала әкімі мамандарды халықаралық жоғары талаптарға сай сапалы құрылыс материалдарын пайдалануға шақырды. Әзірге ескі терминал қайта жөндеуден кейін ішкі рейстерге пайдаланылады деп болжап отыр. Ал су жаңа терминал ескісіне эстакада арқылы қосылмақ. Нысан жолаушыларға ғимараттан шықпай-ақ ішкі және халықаралық рейстер арасында оңай қатынауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жаңа терминалда Қазақстан авиациясының мұражайы да болады.

– Терминалдың құрылысы біткенде әуежайдың өткізу қабілеті 14 миллион жолаушыға дейін артады деп күтеміз. Шетелдік туристер саны 2030 жылға қарай миллион адамға өседі. Бүгінде Алматы әуежайы 41 бағытпен тікелей байланысқа қосылғанын атап өткім келеді. Ал әлемнің 80 елімен визасыз режим бар, – деді Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.