02.02.2024

Цифрлық іс-шараға 30 мыңнан астам адам қатысады.

Digital Almaty-2024 цифрлық форумы басталды. Ауқымды іс-шара үш күнге созылмақ. Осымен алтыншы рет ұйымдастырылып отырған басқосу «Industry X: Болашақтың цифрлық эволюциясы» деген тақырыпта өтіп жатыр.

Өнеркәсіптегі сандық трансформация – Digital Almaty форумы қатысушылары талқылаған маңызды тақырыптың бірі. Іс-шара аясында ұйымдастырылған көрмеде түрлі тың жоба ұсынылған. Соның бірі – арнайы экшн-камерасы бар дулыға. Ол өндірістегі қауіпті жағдайларды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

– Бұл – қызметкерлерді жедел басқару жүйесін орнатуда таптырмас құрал. Жұмысшылардың жүрген жерін анықтауға көмектеседі. Wi-Fi арқылы немесе 4G байланысы арқылы қосылуға болады. Одан бөлек, бірнеше маңызды, қажет функциясы бар. Жарық шамы да қосылады. Игі жобаны былтыр мамырда бастадық, – деді форумға қатысушы Сәкен Сыздықов.

Жолшылар да форумда жобасын ұсынды. Кирилл Гриненко – Жол активтері ұлттық сапа орталығындағы цифрландыру бөлімінің бас маманы. Іс-шараға мекеме атынан виртуалды сынақ зертханасын әкеліпті. Инновациялық жоба жас мамандар мен осы салада қызмет етемін дегендер үшін тиімді болмақ. 

– Біз шамамыздың келгенінше шынайылықты қолдаймыз. Біздің сала мамандары жұмыс істейтін құрылғылардың бәрі қолда бар. Сондықтан қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Виртуалды сынақ зертханасында жұмыс істеген жастар кейін салаға да тез бейімделіп кетеді, – деді форумға қатысушы Кирилл Гриненко.

Жиынды ашқан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгін Алматыда цифрлық технологияның жаңа мүмкіндіктерін талқылайтынын айтты.

– Digital Almaty – бизнес өкілдері, халықаралық сарапшылар және IT-қоғамдастық кездесетін бірегей алаң. Форумда ұсынылған идеялар нақты шешімдерін табады. Оған жарқын мысал: 2023 жылы Кремний алқабында Silkroad Innovation Hub-ының құрылуы. Бүгінде хаб жаңа стартап жобалардың тартылыс нүктесіне айналды. Бұл жерде стартаперлер өз идеяларын көрсетуге және инвесторлар табуға мүмкіндік алады, – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Digital Almaty халықаралық форумына биыл 30 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланған. Оның ішінде 200-ден астам жетекші инноватор спикер болады. Айта кетейік, былтыр ауқымды басқосуда цифрлық тау-кен, криптобиржа, киберқауіпсіздік мәселелері мен корпоративті инновациялар талқыға түскен еді.

Гүлмарал Изатқызы, Жансая Олжабек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.