24.07.2023

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Студенттерге арналған көпорынды жатақханалар тамыз-қыркүйек айларында қолданысқа беріледі. Алып шаһарларға арман қуып келген жастардың түгелін қамту үшін қонақ үйлер, сондай-ақ хостелдермен келіссөз жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Естеріңізде болса, былтыр елде жатақхана тапшылығы қатты сезілген еді.

– Өткен жылдың тамызында 87 мың төсек орын тапшылығымен қабылдадық. Осы 8-9 айдың ішінде оны 55 мыңға дейін түсірдік. Бірнеше бағытта жұмыс істедік. Бірінші инвесторларды тарту үшін біздің қаржы орталығымыздың субсидияның нормативтері өзгертілді. Екіншіден әр жоғары оқу орнының өзінің нақты жоспары жасалды. Төсек орын тапшылығы айқындалды. Сондықтан жыл сайын 10 мың төсек орнын салатын құрылысты бастап кеттік, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

 

Сонымен қатар, министр қала орталығындағы бизнес нысандарды реконструкциялау арқылы жатақханаға айналдыру мәселесінің қаралып жатқанын айтты. Өзінің құндылығын жоғалтқан кәсіп иелерін ведомство басшысы пайда көре отырып, жастарға қол ұшын созуға шақырды.

– Алматыда 35 оқу орнында білім алатын 180 мыңнан астам студент бар. Қалада қазір жалпы саны 98 жатақхана қолданыста, бірақ тағы 32 мыңға жуық студентке орын жоқ. Енді жауапты ведомство өкілдерінің бастамасымен бірнеше жоба қолға алынған. Жүзеге асырылып жатыр, – деді  «Қаржы орталығы» АҚ қалалық филиалының директоры Ұлан Өтебаев.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.