Бірінші сыныпқа баратындар үшін құжаттарды қабылдау 1 сәуірден басталады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова айтты.
Балаларды мектепке қабылдау тәртібі ҚР БҒМ 2018 жылғы 12 қазандағы 564 бұйрығымен бекітілген оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларында айқындалған. 1-сыныпқа 6 жастан бастап балалар ата-анасының немесе білім алушылардың заңды өкілінің жеке өтініші негізінде қабылданады.
Осы орайда мынадай құжаттар қажет: баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық паспорты; 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат (екпе картасы) және 3х4 көлеміндегі фотосуреттің екі данасы.
«Құжаттарды қабылдау биылғы күнтізбелік жылдың 1 сәуірінен 1 тамызына дейін жүргізіледі», - деді Г. Кәрімова Орталық коммуникациялар қызметінде.
Бірнеше жыл бойы құжаттарды және балаларды мектепке қабылдау бойынша мемлекеттік қызмет автоматтандырылды. 1-сыныпқа қабылдау электрондық үкіметтің Еgov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Өңірлердегі білім басқармалары әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы ата-аналар арасында балаларды мектепке қабылдау ережелері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қосымша жүргізетін болады.
Оның айтуынша, биыл бірінші сыныпқа 420 мың бүлдіршін барады деп ескерілген. Бұл көрсеткіш былтырға қарағанда жоғары.
Дереккөз: inform.kz