03.02.2023

Алматыда бесінші мерейтойлық халықаралық Digital Almaty форумы өз жұмысын бастады. Биылғы іс-шара «Жаңа болмыстағы цифрлық серіктестік» атауымен өткізіліп отыр.

Ауқымы кең, мақсаты биік Digital Almaty форумының Алматыда өтуі бекер емес. Әсем шаһар Қазақстан бойынша цифрландыруды енгізуден ең жоғары көрсеткіш көрсеткен. Оған қоса, бүгінде Алматыда мемлекеттік қызметтердің 96 пайызы электронды форматта жүргізіледі. Дегенмен, мегаполисті цифрландыруды дамыту мәселесі аса маңызды. Өйткені әлемде цифрлық сала күн санап жаңаруда. Бұл бағытта бүгін форумда бірқатар маңызды тақырып көтерілді.

«Цифрлық саланың жаңашылдығын талқылып, үздік жетістіктер туралы айтатын боламыз. Алматы еліміздің IT индустриясының астанасы болып табылады. Еліміздегі IT компаниялардың басым бөлігі осында орналасқан. Қуантарлығы, ақпараттық технологиялар саласының дамуына қолайлы инфрақұрылым қалыптасқан. Сондықтан, үздік IT мамандарды жинайтын өңірлік хаб құруға мүдделіміз», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

«Цифрлық трансформация мәселесінің өзектілігін асыра бағалау мүмкін емес. Әлем жылдам өзгеруде және жаппай цифрландыру осы прогрестің негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып табылады. Біз Digital Almaty форумына көп қатысушы жиналғанына куә болып отырмыз. Бұл форумға цифрлық индустрия саласындағы кәсіби мамандар ғана емес, өзге сала өкілдері де зор қызығушылық білдіретінін көрсетеді», – деді  Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Digital Almaty бүгінде бизнес өкілдерінің, халықаралық сарапшылар мен IT-қоғамдастық кездесетін бірегей алаңға айналды. Басты мақсат  –  IT-саланы дамыту. Қазақстандық IT-нарықта қазірдің өзінде 10 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Форумда осы саладағы соңғы жаңалықтар талқыланып, қатысушылар тәжірибеде қолданған ең тиімді шешімін бөлісті. Балалар робототехникасы бойынша халықаралық чемпионат та өтіп жатыр. Олар да өз жұмысын паш етуге мүмкіндік алды.

«Бүгін робототехникадан чемпионат өтіп жатыр. 18 топ келді, 100 бала бір-бірімен сайысады. Оң жағымызда инженерлік жобалар қойылған. Қазақстаннан 40 бала келді. олар жобаны таныстырып, тәжірибесімен бөліседі», – деді  Tech garden бас директоры Бауыржан Канкин.

Форумға жобасын арқалап келген бастамашыл жастардың қатары көп. Солардың бірі – «ақылды үй» жүйесін жүзеге асырған отандық компания. Олардың айтуынша,форум инвестор іздеуіне, жобаны көпшілікке таныстыруына мол мүмкіндік бергенін айтады. Ойлап тапқан жүйені өндіріске енгіссе, шетелдіктерге қарағанда анағұрлым арзанға түседі. Мәселен, бір бөлмелі пәтерге 400 мың теңгеге «ақылды үй» технологиясын орнатуға болады.

«Үйдегі су құбырынан су ақты делік, сіз үйде болмасаңыз да құрылғы белгі беріп, суды өзі өшіреді. Есік ашылса, сізге хабарлама келеді. Ал керісінше сіз сыртта жүріп, қонақ келсе, алыста жүріп-ақ есікті аша аласыз. Бұл – өте жақсы өнім», – деді форум қатысушысы Мадияр Жалбинов. 

Форумның екінші күні пленарлық отырыстан басталады. Оған Еуразиялық ЭО елдерінің үкімет басшылары қатысады деп күтілуде. Панельдік сессияларда технопарктердің дамуы, корпоративтік инновациялардың трендтері, креативті индустрия саласын цифрландыру мәселесі талқыланбақ.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.